Өлеңдер ✍️
ЕРТЕҢГІ КҮННІҢ ЕГІЗІ
(Ақын бауырым
Жанат Боқашұлына)
Бейім боп бетің бейнетке бекем жаралған,
Жарыққа құмар жан едің аулақ арамнан.
Білмейсің бауырым, дүние мынау
арамдықтардың қоймасы,
Ешкімге қажет болмайды сенің
жас төккендігің жанардан.
Әркімге бүгін байталдан гөрі бас қайғы,
Қараңғы түндер жансаң да лаулап
есігін ерте ашпайды.
Арыңа балап әперген сенің
тұнығың менен тазаңды,
Итеріп әкеп итаяққа сап тастайды.
Қонақсың сен де өмірге аз күн қонасың,
Ыстыққа күйіп, суыққа қатып тоңасың.
Ит пенен құсқа жем болып жүріп
қамалды бұзып шыдасаң,
ШЫН АҚЫН деген атаққа ие боласың.
Жаза бер бауырым ұғарсың бәрін ұғарсың,
Сенемін саған АҚЫНДЫҚ деген
биікке өрлеп шығарсың.
Сонда да мына жалғанды баурап
өзіңдік енші ете алмай,
«ӨЗІМДІКІ» деп еншілеп жүрген
өзгенің мүлкін артыңа тастап кете алмай,
Басыңды тасқа ұрарсың.
Тымырсық түн боп
тұрарсың бауырым тынарсың.
Қамықпа бауырым,
мен іздеп жүрген, сен іздеп жүрген
шындықтың ауылы алыста,
Атыңның басын алысқа бұрмай
жетпейсің тарлан табысқа.
Озбасыңды білсең де мейілі
жарысқа сайлан жарысқа,
Қолыңнан егер бірдеме келсе
ұлыққа емес
ұлтыңа ғана бағышта.
Жырлай бер жырла
жалғаннан мына жағдайың жоқ қой жасқанар,
Менен басқа да, сенен басқа да
жымсыма қулар ар сатып жүріп
ас табар.
Бүгінгі күннен ертеңіңді іздеп
сандалып жүрме тегінде,
Ертеңің сенің көз жұмған күні басталар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter