Өлеңдер ✍️

ДАЛАНЫҢ ДАРХАН ҚЫЗДАРЫ
(Сетер Қанжарбайқызына)
Өмірдің мына көп болса дағы
қарыған жанды ызғары,
Шалқумен келем жүректің өрті
болған соң іште қызбалы.
Себебі солай,
қол жетпес биік қырмызы гүлдей құздағы,
Аялап сүйіп алақанға сап
келеді мені мәпелеп,
Даладай нәзік жандары дархан
даланың сетер қыздары.
Анашым мені ақын ғып тапты
ақ жалын еміп өстім мен,
Далалық сұлу арудың мамық
ақ құшағында ес білгем.
Анамның айтқан
әлдиде әлди, әлдиде әлди әнінен –
Қыз Жібек, Баян, Еңілік, Ләйлі,
Зылиха, Жамал естілген.
Содан да шығар еркелікпенен
кем болмай өстім ешкімнен.
Он жасымнан-ақ жырладым байтақ
өмірдің зарын, дастанын,
Он бес-ақ жастан далалық қызға
ғашық боп жалын жастадым.
Ағалап келіп асылды тентек
шашбаулы қарындастарым,
Әпекелерім сендерден алдым
ән күйдің жауын, бастауын
Өмірді мәнді өткізіп келем
даланың дархан қыздарыменен қасқағым.
Далалық қыздар
сендер ғой, сендер далалық елдің
далалық қалпын сақтаған,
Арамға толы өмірдің кірін ақ махаббаттың
ақ жалынымен қақтаған.
Сендерді көрем, көремін дағы
күл болып жанып кетуге сірә шақ қалам.
Ақ сүтпен келген ағыл да тегіл
ақ жауын жырды ақтарам
Далалық қыздар
әлемге жалпақ
сендерді айтып мақанам.
Біздерге нәзік қызқылық керек
еркелеңдер де еркелетіңдер
кетпесін дәмі таңдайдың,
Таңдайдан кетпес тәттілікпенен
бүгінгі ұлы керемет күнді
ертеңгі күнге жалғаймын.
Өздерің аман болыңдар дархан
даланың ханша қыздары,
Сендерсіз қалай шаттығын көрем шалғайдың,
Сеніңдер маған қолымнан егер бірдеме келсе
сендерге ғана арнаймын.
Далалық қыздар
кереметтікке кеңдікке берген кепілдер,
Бибатима, Қарқабат, Абақ... ұлы аналардан
біздерге жеткен өкілдер.
Басұрып тұрып тілеймін жылап:
Әпербаққан әлемді майда
ақұлпа жібек етіңдер.
Далалық елдің ой рухына
мәңгілік өшпес от жағып,
Даланың батыр бағыландарын
бақытқа бөлеп өтіңдер.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇