Өлеңдер ✍️
Көшпенді елдің тұмандатып даласын...
Көшпенді елдің тұмандатып даласын,
Іртік қылып ұйып тұрған санасын.
Жауламаққа анталаған
«ӘЛЕМДІКТІҢ» дауасын.
Қайран халқым енді қайдан табасың.
Жалмауыздар жан жағыңнан
жарға қарай жастаса,
Елдігіңе, кеңдігіңе салғаны ғой тас қаша.
Оған қалай көне аласың еркін жүрген есіл ел,
Сенің дала - даналығың, балалығың
даурықпаның дақпыртынан басқаша.
Отырып ап белесте,
Ашық шықпай ерегес пен егеске,
Аға бауыр боламыз деп
арқа қағып отырыста кеңесте,
Көз алдыңда көпке көптік қорлық жасап
көрге тығып бара жатыр емес пе!
Көп болған соң дайын тамақ көксейтұғын
қарындар мен ауыздар,
Пышақ түрін мақтаменен жасап алып кеңірдекті
бауыздар.
У мен тұздан пісірілген ала майлы жамбасты,
Ұлы арқылы әкесінің алдына әкеп
тартып жатыр жауыздар.
Соны ұқпаған, ұқса дағы жарымаған
арамтамақ арандар,
Жағдайы жоқ алаңдар.
Қазан аяқ мәселесін мақсат тұтқан
мәнсәпқұмар мәстектерден құралған,
Жасанды да асыранды ел
қазақ деген ұлтты жойып бара жатса
енді қандай шараң бар?!
Қайран халқым кешір мені
құм шашқам жоқ баршаға,
Таңданбаңыз тамсана.
Қазақ деген ат жамылып бұлауланып аршаға,
Ас сорпасын сенен ішіп басқа қора бағып жүрген
«қаншық иттер» қаншама!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter