Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  86


Автор: Байыт Қабанұлы

ТАУ ЕЛІ

Таудан биік таудың халқы
тауға қарап күледі де
тауға қарап жылайды,
Таудай талас алдында да
тауға қарап жалбарынып,
таудан жәрдем сұрайды.
Алаулы кеш, ақ таңда да
тау басында кезіктіріп Күн, Айды
Тау басында таудай бағын сынайды.
Менің халқым таудың елі
тау секілді ірі біздің санамыз,
Қуанғанда тау секілді алқам-салқам
асқақ әнге саламыз.
Қайғы келсе тау секілді күңіреніп күрсініп,
Ренжісек тау секілді үн шығармай қаламыз,
Ал егерде ашулансақ тау секілді көшкін атып
кесек-кесек тас құлатып аламыз.
Шабыттансақ
дауыл болып бұрқыраймыз соғамыз,
Тау басынан құлап аққан өзен болып ағамыз.
Күн секілді күркірейміз,
найзағай боп жарқылдаймыз жанамыз,
Жайдарлансақ жайлау сынды ашылады
құшағымыз, жағамыз,
Біз бақытты, байлықты да
таудын ғана табамыз.
Өсеміз бе,
тау орманы секілденіп тауға қарап өсеміз,
Есеміз бе,
тау самалы секілденіп есілеміз, есеміз.
Кесеміз бе,
кесімді де тау секілді кесегімен кесеміз,
Кешеміз бе,
таудай құнды тау секілді былқ етпейміз кешеміз.
Көшеміз бе,
тау басынан тау басына көшеміз.
Өшеміз бе,
тау қойнына кіреміз де өшеміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу