Өлеңдер ✍️

Шығыстан шыққан күн...
Шығыстан күлімдеп шыққан күн,
Шырайлы жүзіңе сұқтандым.
Шыққанда төгілген күлкің мен
Батқанда...
Егілген мұңыңды ұққанмын.
Тірліктің ып-ыстық демі едің,
Алтайды қолтықтан демедің.
Самалын сәлем кып жіберген
Сауыр мен Сайқанға* не дедің?
Қалбатау* жолыңда көлбеген,
Қара Ертіс – толқыған ол да өлең.
Сарғаяр Шорғаның* жазығы
Қобыздың үніне шөлдеген.
Жарылқап аспан-жер арасын,
Зайсанға шуақ боп тамасың.
Сырласып Толағай-тауменен*
Бір сәтке мұнартып қаласың.
Маңырақ* маңынан маңасың,
Сеңгірді* қимастай қарасың.
Сағыныш-нұрыңмен тербейсің
Марқаның* мөп-мөлдір шарасын.
Төгілтер бозторғай таңғы әнін,
Барқытбел** – аршалы ардағым.
Білесің, Шыңғыстау* бөктерін
Мекендеп мәңгі өлең қалғанын.
Шығыстан шыққан Күн арайлап,
Нұрыңа шомылар бар аймақ.
Тұлпар тау*, Сұңқар тау* биігін
Тұрсың ба қия алмай қарайлап?!
* Шыңғыстау, Сауыр мен Сайқан, Қалбатау, Тұлпар, Сұңқар, Толағай, Маңырақ –
Шығыс Қазақстан облысындағы таулар;
* Сеңгір, Шорға, Зайсан, Марқа – жер-су атаулары;
** Барқытбел – Тарбағатай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇