Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
28.08.2022
143
Адасқан қаз
Көктем бе, жаз ба, ұмыттым,
Қырқаға барғам ой қуып.
Шуағын шашып, күліп күн
Жатқандай дала той қылып.
Көкпеңбек аспан...көк дала,
Көк сағым толқып ойнаған.
Көңілде, сірә, жоқ нала
Жат емес мына той маған.
Кеудеңе мәңгі орнығар,
Қуаныш-жарты, жарты-мұң.
...Естідім кенет сорлы зар -
Адасқан қаздың қаңқылын.
Айнала ұшты төбемнен,
Тобымды тауып бер дей ме?!
Сөйлейді қаз да, сенем мен,
Түсіне де алам кей-кейде.
Шарқ ұрып жылап бара ма,
“Қайда – деп,- тобым,”-сұрап па.
... Өткенмен жылдар арада
Қаңқылы қалды құлақта.
Жаз өтті... Кетті сән күзден,
Барады күнде салқындап.
Шарқа ұрып жүрмін жалғыз мен,
Адасқан қаздай қаңқылдап.
1985 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter