Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  110


Автор: Жанат Әскербекқызы

Көңілім болды тағы да қапа...

Нағашы апам - Тезекбайқызы
Рәшидің аруағына



Көңілім болды тағы да қапа,
Жылылық еді сүйерің...
Көктемің келді, жадырап, апа,
Сен жоқсың бірақ киелім.
Біріне бірі туыс-ты атырап,
Дәм тартып келдің қиырдан.
Марқадан емес, уыс топырақ
Тарбағатайдан бұйырған.
Марқаның жерін аңсағаның-ай,
Тыңдамадым ба мен елеп,
Өкініп таңды қарсы алам ұдай,
Бармадық сонда неге деп.
“Көл жағасы ну орман екен” деп
Тебіреніп аңыз шертер ең.
“Бағзы заманда болған екен” деп,
Сөз қозғар едің ертеден.
Тоқсанға келдің, той деді артың,
Сонда да жүрек сыздады.
Санамнан сарнап сөйледі әр күн
Өлімнің суық ызғары.
Көңілім болып тағы да қапа,
Аруағыңа бас иемін,
Жұмақты жайла, жадырап, апа,
Табынар пірім – киелім...



1996 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу