Өлеңдер ✍️
Қаһан
Теңізі бастан былғанса
Тұндырар ұлы бар-дүр-ді.
Терегі түптен жығылса
Тұрғызар ұлы бар-дүр-ді.
Қаһарлы ажал оны алып,
Қаһанды қапы қалдырды...
«Күңіренген қобыз не деді?
Көмейін тессін қорғасын!
Тірліктің бар ма керегі,
Түбі оның құрдым болғасын.
Тескентау асып кетеміз,
Сол жолда Тәңірім қолдасын!
Төрт құбылам еді төрт ұлым,
Ішінде Жошым – абадан,
Сұм қайғы, жанға бер, тыным!
Қабағыма әлем қараған!
Айықпай сірә, кетермін,
Арқаның ақсақ құланы
Жүрекке салған жарадан.
Бағым да қалар адыра,
Тағым да қалар адыра!
Әлемге билік жүргізген
Шағым да қалар адыра.
Жалғанның бір күн жайы ұрар,
Бағымды сөйтіп қайырар,
Тәнімді тастап шыққан күн
Жанымның дерті айығар!
Бес күндік мынау тірлікте
Алсаұрғанмын неге осы?!
Тірліктің соңы бір нүкте,
Түңілдің неге демеші.
Осыны саған айтамын,
Тақыттың иесі келесі,
Не жазса өзі біледі
Құдырет-қалам егесі».
Теңізі бастан былғанған
Терегі түптен жығылған
Қаһанның шерін арқалап,
Қобыздың үні құбылған.
...Тұрлауы жоқ дүние-ай,
Құланға келіп ұрынған!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter