Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  141


Автор: Жанат Әскербекқызы

«Иә, Асаукөк, Қанжирен!..

Нағашы бабам опанұлы жүзбайдың рухына


 


«Иә, Асаукөк, Қанжирен!
Өзгелердің ырқына
Бағынбаған екі жын,
Басын бермей жұлқына
Арындаған екі жын.


Пәрменімен Алланың
Бағындыңдар маған кеп,
Керек етпей қалғанын,
Жүгендедім, амал жоқ.
Иә, Асаукөк, Қанжирен!
Екі жыным, кел бері,
Аққуды әкел көлдегі,
Сұңқарды әкел шөлдегі.
Қырда жүрген дуадақ
Үйірімен айдап кел,
Аң біткенді қуалап,
Құс біткенді байлап кел!
Алтай тауын асып кел,
Қалжыр суын кешіп кел,
Марқакөлді қақ жарып,
Қара жел боп есіп кел!
Мысқал ана1
ұрпағы
Бірі қалмай жиылсын,
Қожамбеттен2
кім тағы?!
Аруаққа сыйынсын!»
...Осылай зікір салған бақсы бабам,
Елі одан ем сұраған, бақ сұраған.
Күңірентіп, қобыз шалып, күйін төккен,
Алқалап, қолқаласа жақсы-жаран.
Қалжырдың жағасында қалың ағаш,
Тыңдаған сол қобыздың зарын ағаш.
Қобызы таңғажайып күй төккенде
Таратқан аңыз қылып бәрін алаш.
Қалжырдың жағасында нағашы жұрт.
(Беу, уақыт, барасың-ау тағы асығып...)
Жүргендей бақсы бабам тау бөктерлеп,
Асаукөк, Қанжиренді таң асырып.
Өткенді жиі еске алам бұл күндері,
Асаукөк, Қанжиренді кім білмеді?!
Бірін мініп, біреуін жетекке алып,
Сол бабам іздеп келер бір күн мені...




1 Мысқал – Қожамбет ішіндегі бір ел осы ана есімімен аталады.
2 Қожамбет – ру аты




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу