Эсселер ✍️

  21.08.2022
  279


Автор: Жұма күні

ЖҰМА КҮНІНІҢ ШАРИҒАТ КӨРСЕТКЕН ТӘРТІП ПЕН ӘДЕПТЕРІ


     Жұма күнгі ғибадатты бейсенбi күннің екінті намаз уақытынан бастаған дұрыс.Сол уақыттан Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат және истиғфар айтуды, қосымша намаздар мен дұға жасауды бастау тақуалыққа жатады. Ғұламаларымыздың айтуынша: «Алла Тағала пенделерiне көп жақсылықтар береді. Соның көбісі бейсенбi күннiң кешiнде, жұманың күндiзiнде сұраған пендесiне тиеді. Жұма күнiнiң қасиетiн бейсенбi күннен бастап күткен адамның несiбесi мол болады екен»,–дейдi.
Мұсылман адам аптасына бір рет шомылып тұруы керек. Өйткені, ислам діні тазалыққа шақырады. Жұма күнi шомылған жақсы.
Сәмраның (р.а.) риуаятында: «Кімде-кiм жұма күнi дәрет алса, дәрет алғанның сауабын алады. Ал кiмде-кiм жұма күнi ғұсыл алса (шомылса), оның сауабы одан да көп»,– деген[10].

Ханафи мазһабы бұл күні ғұсыл құйыну «мустахаб» деп алған.

Жұмаға тісі мен аузын тазалап, үстіне иіс сеуіп барған дұрыс. Әнәстың (р.а.) риуаятында Пайғамбарымыз (ﷺ):
“Егер үмметіме қиындық бермейтіндігін білгенімде, әр намаз үшін дәрет алуды және әр дәретте мисуак қолдануды әмір етер едім.”[11],– деген.

Жұма күнгі ғибадатқа арнайы жаңа немесе таза, әдемі киім киген жақсы.Өйткені, жұма намазы көпшілік мұсылмандар жиналатын апталық мереке. Шырайлы болып көріну – мұсылмандардың бір-біріне деген сүйіспеншілікті оятады.
Жұма намазын оқу үшін мешітке ертерек барған абзал.Ерте барған адам құлшылғын ерте бастайды: тәспі тартып, зікір айтады, қаза немесе қосымша намаздарын оқиды, уағыз тыңдайды. Оның сауабы да молырақ болады.


Әбу Һұрайра (р.а.) былай риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жұма күні мешіттің әрбір есігінде періштелер тұрып, мешітке келген намазхандарды жазып отырады. Жұмаға ерте келген адам құрбандыққа түйе сойғанның сауабын алады. Кейін келген сиыр құрбандық еткеннiң сауабын алады. Үшiншi келген адам қой құрбандық еткеннiң сауабын алады. Төртiншi келген адам бiр тауық сойғанның сауабын алады. Бесінші келген адам жұмыртқа садақа еткеннің сауабын алады.

Мешіт имамы келген уақытта періштелер амал кітаптарын жауып, имамның сөзін (уағызын) тыңдауға өтеді»,– деді»[12].

Мешіт имамы хұтба үшін минберге шықпай тұрып, ерте келген адамдарға қосымша сауаптар жазылады. Осы уақыттан кейiн келгендерге тек намаздың ғана сауабы беріледі.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Үш нәрсе бар. Егер адамдар бұл үш нәрсенiң сауабы қаншалықты екенiн бiлсе, олар сауап iздеп, түйенiң желгенiндей жүгiрер едi. Бiрiншiсi – азан айту, екiншiсi – алдыңғы сапта тұру, үшiншiсi – жұмаға ерте бару»[13],– деп хабар береді. Ахмад ибн Ханбал: «Бұлардың ең ұлығы – жұмаға ерте бару»,– деген екен.

Ғұламаларымыз айтады: «Жұма күнi болғанда перiштелер мешiттердiң есiгiнiң алдында тұрып, келгендерді келгендей жазып отырады. Егер бiр кiсi жұма намазына кеш қалатын болса, перiштелер осы кiсi жайлы: «Пәленше неге өз уақтынан кешiктi екен?»–деп сұрап: «Ей, Жаратқан Иемiз, егер ол пенденің жұмаға келуiне кедейшілік кедергi еткен болса, оны бай қыл. Егер науқас болса, шипа бер. Басына бiр iс түскен болса, мүшкілін жеңіл ет. Ниет-ойын пайдасыз дүние iсі улаған болса, оның жүрегiн Өзiңе бұр»,– деп дұға етіп, истиғфар айтады».
Жұма намазына барған адам мешіт әдептерін сақтауы тиіс.Яғни, дүние сөзін сөйлемейді, тыныш отырып, имамның уағызын тыңдайды, адамдардың үстiнен аттап өтпейді. Бұл жайында Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте:
«Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде-кім жақсылап дәрет алып, жұма намазына барса, мешітте имамға жақын отырса, оның уағызын тыңдаса, бос сөз сөйлемесе, ол адамның осы жұма мен алдынғы жұма арасындағы және қосымша үш күндік күнәлары кешіріледі. Кімде-кім алдында (жайнамазда) жатқан ұсақ тастарды теріп алса, ол адам сауап іс істепті»,– деді»[14].

Пайғамбарымыз (ﷺ) жұма күнi хұтпа оқып тұрғанда бiр кiсiнiң адамдардың үстiнен аттап келiп отырғанын көредi. Пайғамбарымыз (ﷺ) жұма намазды оқып болғаннан кейiн анау кiсiге: «Ей, пәленше! Бүгін неге сен бізбен бірге намаз оқымадың?» – дейдi. Ол: «Намаз оқыдым ғой»,– деп жауап береді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Бiз сенiң адамдардың үстінен аттап бара жатқаныңды көрмедiк пе?!» – деп, оның жақсы iс істемегеніне ишара етеді. Мешiтте отырған жамағаттың үстiнен ат-тап өту – үлкен айып, әрі оларды құрметтемеу болып саналады.



Құрметтi жамағат, Алла Тағала барлығымызға мызғымас иман, пайдалы iлiм, адал ризық, таза жүрек берiп, екi дүниеде де ізгі пенделерiнiң қатарына қосқай! Әмин!


اللَّهُمَّ لَا تَدَعْ لَنَا ذَنْبًا إِلَّا غَفَرْتَهُ وَلَا هَمَّا إِلَّا فَرَّجْتَهُ وَلَا دَيْنًا إِلَّا قَضَيْتَهُ وَلَا حَاجَةً مِنْ حَوَائِجِ الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ إِلَّا قَضَيْتَهَا يَاأَرْحَمَ الرَّاحِمِينَ *

رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الْآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ وَصَلَّى اللهُ عَلَى سَيِّدِنَا وَنَبِيِّنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ الأَخْيَارِ وَسَلَّمَ تَسْلِيمًا كَثِيراً.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу