Өлеңдер ✍️

  21.08.2022
  124


Автор: Еркін ИСАХАН

АЗАН НЕМЕСЕ АЛЛАҒА МАДАҚ

Қаңтарда қар мен бірге халыққа ауыр,
Бүлігін басылғасын салып дауыл.
Тау жаққа біздің анау нардай шөккен
Тағы бір таң құлайды балық бауыр.
Жанданып таңғы тірлік жырға ұласқан,
Көргесін қолат жақтан түнді қашқан.
Намаз деп ерте тұрған діндәр шалдың
Даусынан оянады мүлгіп аспан.
 Күтетін бағдары жоқ желден несіп,
Қаңбақтай қайда барам елден босып.
Мұндайда мен де оянам таңғы ұйқымнан,
Кеудемнен қоңыраулы керуен көшіп...
Тыңдаумен осынау бір тылсым үнді,
Құлағым, Алла, Саған мың түрілді.
Жазамын Өзіңе арнап қасидалар,
Қалам ғып қара сабау кірпігімді.
Кеудемде бабалардың басы көктеп,
Рухым өзен болып тасып өтпек.
Мен Сенің құлың едім, жанарынан
Оқылған мына дүние қасірет боп.
Татпаған дәм-тұзымның қаншасы бар,
Басыма қонған бақтың баршасын ал.
Өлең ғып өзің өрген бұл ғұмырым,
Бір күні өз қолыңмен тарқатылар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу