Өлеңдер ✍️
МЕНІҢ ТАУЛАРЫМ
Қайғысы толқып қара көзімде,
Қараусыз қалған жерім бұл.
Тарпаңдай асау бала кезімде
Тауларым болған менің бір...
Жататын біздей төгілсе өткеннің
Өкініштерін жыр етіп.
Көкірегіне көңілшек көктемнің,
Қаңғыбас бұлтын түнетіп.
Бабаларымның құрыш білегі
Қапталдап тиген қасына.
Көксүңгісіндей тым үшкір еді
Жарықтықтардың басы да.
Құдыреті ғой деп Құдайдың мұны,
Қызығатынмын мен соған.
Еңсемді тіктеп Шалкиздің жыры:
«Естерекұлы Ер Шобан!»
Жырланбай таулар бола ма биік?
Жыршысы тектес даламның.
Жататын солай санама құйып,
Батырлықтарын бабамның.
Толқынына орап тілегімді мың,
Балалық кейін өтті ағып.
Жайықтай тұнық жүрегімді бұл
Желғабыз жылдар кетті алып.
Ал қазір ата мекенде мынау
Сол тауларымды сағынам.
«Менікі емес екен ғой олар»,
Соны ойлап іштей жабығам.
Жем іздеп жүрген төріміз құзғын,
Ал биліктегі мәз көкем.
Жат елде қалған жеріміз біздің,
Жаратқан деймін аз ба екен?!
Салам деп Құдай күшіне құрық,
Шер-налам қалай шертілмек?
Сол таулар менің түсіме кіріп,
Жылайды дәйім еңкілдеп.
Менің тауларым...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter