Өлеңдер ✍️
МАҢҒЫСТАУ
(Қашаған Күржіманұлына)
Шаршы бір топқа барғанда,
Шалқып бір толғар шалдарға,
Сөз басы болған Маңғыстау.
Киесі жебеп тауымның,
Қырында ата жауымның,
Көз жасы қалған Маңғыстау.
Бабамнан жеткен байдалы
Қазақы өлмес рухтың,
Ордасы қонған Маңғыстау!
Батырың аз ба бағынбай,
Байлаған арын беренге.
Ақының аз ба Абылдай,
Алтыннан жабу жапқан өлеңге?!
Әруақты өлке арда жұрт,
Алаңсыз бойлап тереңге.
Асылық болмас біз сенсек,
Әуелі сөздің киесі
Өзіңе түсті дегенге?!
Жүретін даңғыл жолды ұқпас,
Жылжытып алға көшіңді.
Шаңырақ артса шалдықпас,
Қашаған сынды қатепті
Қара нар емген төсіңді.
Қоралап өлең айдаған,
Құп көріп көне жосынды.
Құлабыз шалдар жайлаған,
Қолатқа тіктім қосымды...
Жаратып жатса жырымды,
Жиынға өзі-ақ қосар ел.
Жүйріктен туған құлынды,
Шапқанда алдан тосады өр.
Шалдардан қалған бұрынғы,
Шапхатың болса шаша бер.
Байрағыңды ұстар ұлыңды
Бабамнан қалған арда өлке,
Бауырыңа қане баса гөр!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter