Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  532


Автор: Талғат МЫҚИ

АМАНАТ

Бөрі таңба байрақ алып жау шапқан,
Қарсы келсе қабырғасын қаусатқан,
Ата дұшпан ат үстінде жолықса,
Ат жалынан аударып,
Арғымағын ақсатқан,
Жапан төстеп жаугершілік күн кешкен,
Түнде жортып тұлпарымен тілдескен,
Бүгін қылған батырлығы бір күні,
Бүтін елге жайыларын білместен,
Бір жебесін бір жауына арнаған,
Ердің құнын – даулаған,
Ару құнын – арлаған,
Қара санын қанжар тілсе қыңқ етпей,
Сүйегінен сөз өтсе
Қарап тұра алмаған,
Жұрттың мұңын жауырынға жүк қылып,
Тегі кімнен тарайтынын ұқтырып,
Күні бұрын жауға күлкі болман деп,
Тірі күнін талақ еткен тік тұрып,
 Қын мен қылыш түсірмеген аш белден,
Ұрпақты ойлап жанарына жас келген,
Бес уақтылы жайнамаздың үстінде
Жар асытынан шапқан жұртқа бас берген,
Өлгенінше берілмеске бекіген,
Сөйтіп жүріп шейіт болып шетінен,
Керуенін кері бұрып келмеске,
Бабаларым көшкен жердің бетінен...
Соның бәрі не үшін-ді?!
– Еділ менен Жайықты,
Ертіс пенен Есілді
Бабам бізге аманаттап қалдырған,
Қазақ, ертең жинарсың деп есіңді.
Қарадан туып хан болып,
Бір данышпан бастасын деп көшіңді...
...Кім көрінген баспасын деп төсіңді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу