Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  102


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

БОРИС ПАТША

О, Борис Патша, Ұлы Мәртебелі!
Жазда - гүл, қыста - еліңді қар көмеді,
Ордалы қалың орыс орманының,
Тамырын терең салған қарт емені,
О, Борис Патша, Ұлы Мәртебелі!
Кеудесі - Ібір-Сібір зарлы өлеңі,
Азалы дүниенің арлы өрені!
Есесі есер менен езге кетіп,
Аюдай ашу буған нар денені;
Семсерін сергелдеңде сертке таққан,
Сен де бір адамзаттың ардагері;
Адами-замани өр болмысыңа,
Орыстың қай патшасы пар келеді?!
Дүние - қызыл түлкі бұрандаған,
КСРО саған - елес, Тұран - маған.
Құлағым Шыңғыс хан деп шыңылдаса,
Шымырлап мен де арқам... тұра алмағам;
Пётрге тәнті болған Пушкиндейін,
Шерленіп аруағына жыр арнаған, -
Түркінің мен де зарлы шәйірі едім,
Шашылған жұрты қайта құралмаған;
Былдырлап мына жерде отыр, міне,
Шегіндей домбыраның бұралмаған...
Ресей - ұлы елмін деп ұрандаған,
Қалай бір құтты қоғам құра алмаған?
Аз ғана аш аймағын асырамай
Алтайға дейін неге тыраңдаған?
Дүние - қызыл түлкі бұрандаған,
Ұл болмақ, құл болмақ та - бір Алладан:
Үш жүз жыл патша болған Романов та,
Үш күндей бекзат дәурен сүре алмаған!
О, зілдей алтын тәжі Монамахтың,
Жерге - ие, елге - тұтқа бола алмапсың.
Бұқадай не бір мойын көтере алмай,
Пұтына қарай соның домалапсың...
Қалайша байсал тауып, баптанам мен,
Патшалық басқа қонбас бақ-таланмен, -
Құдайға жақпай қойды құлдың миы,
Сап қойып саф алтанға аптағанмен.
Жаралған хан сүйегі Қаракөктен,
Абылайдай бізден дара, дана да өткен.
Алаштың Алла берген абыройын,
Айбозым бірге өзімен ала кеткен.
Төскейде - мал, төсекте - бас қосылып,
Мен сенен кеткен болсам - жаңа кеткем:
Бағынан елдің - тағын артық көріп,
Өксіген өмір өтіп қарабетпен, -
Орыстың Ең Алғашқы Патшасы - Сен -
Алтын тәж, алтын тақты талақ еткен!!!
Көз жастан көз ашпаған ұлы халық,
Құрыған сол қу тақта құны қалып,
Биледі қаншама жыл есер оны,
Бірінің тәжін бірі жұлып алып?
Күттірмей зарлы жұртты зарықтырып,
Сарайдан тән шығармай - табыт қылып! -
Тастадың талақ қылып алтын тақты,
Лақтырдың алтын тәжді тәрік қылып!
Лақтырдың - тәж де басқа бір қайғы деп,
Ұлтымнан ұжданымды ұрлайды деп.
Алтынның буы орыстың бір ұлының
Бір тамшы көз жасына тұрмайды! - деп.
Ескінің соңы,
Соны - жаңа екенсің,
Күл-көмеш күйкі де емес -
Тәуекелсің!
Ішінде дарабоздың дара екенсің!
Дарынсыз даңғой да емес - дана екенсің!
Қарадан хан болатын Құнанбайдай,
Анадан артық туған жан екенсің!
Алдында аяр біткен дірілдеген,
Алтын тақ - Сайтан - арбап, күлімдеген.
Көр соқыр билеушінің, соны ойласа,
Кірпігі күндіз-түні ілінбеген;
Бақ құсы бұ бастағы - алақұс қой,
Қайда ұшып, қонатыны білінбеген;
Сыйыңмен биік таққа шықтың дағы,
Түстің де кете бардың сыйыңменен;
Жалғанда мынау жарық жан қалды ма,
Сенің сол мәрттігіңе сүйінбеген?!
...О, Борис Патша, Саған идім, міне,
Өр басты-өзге ешкімге иілмеген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу