Өлеңдер ✍️
ДӘУІТӘЛІ СТАМБЕКОВПЕН ХОШТАСУ
Біржан сал,
Ақан сынды сері болып,
Жалғанның жарығынан сені көріп, -
Ел-жұртым,
Дүниеден бір еркең өтті,
Егіліп ет жүрегі - еміреніп!
Шашылып тарағанда халық тойдан,
Жалғанға Шашубайдай салыпты ойран.
Кешегі көшпелінің жұртындағы
Алтынның сынығы еді қалып қойған.
Асыл еді!
Бұзылды оны көріп ғасыр өңі.
Елінің тауы менен тасына һәм, -
Перінің қыздарына ғашық еді.
Аруақты арқасында шалық көп-ті,
Әлемге «Әудемжерін» салып кепті.
Перінің сол қыздары алдап-арбап,
Айырып Фаридадан...
Алып кетті!
Арқаға түскен жұртты ауыр ырғап,
Заманның зіл-батпанын жауырынға ап, -
Біржан сал, Ақан сері, Дәуітәлінің,
Жұртында біздер қалдық:
«Бауырым!» - дап...
Ғасырдың төмен түссек өріменен,
Ел көшкен - Мәди, Ақан серіменен.
Сен де, хош, Қояндының жәрменкесі,
Бұқа мен сиырлары мөңіреген...
Заманның түбі - тексіз,
Порымы - құл,
Боздаудан басылмаған солығы бір.
...Алаштың ордасында үңірейіп,
Алтынның сынығының орыны тұр...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter