Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  97


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫ

Атлант Мұхитынан айналса бұлт,
Жерден жөнеп, шығардай Айдан шауып, -
Өлігінің үстіндегі үндістердің
Қалай қалқып жатырсың сайран салып,?
Сен бір - Мұхит.
Дүние - сен секілді.
Бірде - тап-тар,
Ал, бірде кең секілді.
Аспанда - Алла, - аз ғана мызғып кетіп,
Жер иесі ендігі сен секілді.
Жеріңді дерт немесе өрт қамамай,
Төрт құрлық тұр,
Ол саған - төрт қарадай;
Қолыңа кеп су құйып, мәз болады,
Сенен басқа түгі жоқ төрт баладай.
Бір саңқ еткен күнің жоқ қыран құсап,
Әрімсақтан әлемге ылаңды сап, -
Жаһананы жалмап бір жіберетін,
Жеті басты айдаһар жылан құсап.
Ғазауатқа мойынын қыстап бұрып,
Арапқа да автомат ұстаттырып, -
Алардай боп, ашуға мініп тұсың -
Адамзатты - Құрама Штат қылып?!
Көрінгенге ел болсаң, көне бермей,
Саған бекзат келуші еді төрелердей, -
Колумбыға тап болмай, Шыңғысханға
Кез болғанда көсегең көгерердей...
Иығыңда - Күн сенің,
Қолтығыңда - Ай.
Тітіркенткен ғаламды солғылыңды-ай!
...Адамзаттың биі де - Атланттың
Ала құйын ақедеу толқынындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу