Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  114


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Шатырша-Жыландыны қарық қылып...

Шатырша-Жыландыны қарық қылып,
Балқашқа құмға сіңіп барып - құйып -
Бір өзен жер бетінде сайран сап жүр,
Көргенше күнде мені зарықтырып.
Алдымды асау толқын орап, ағын,
Мен қашан сол суыма ораламын?
Сол өзен он жасымда алып кеткен,
Бір қыздың маған тартқан орамалын.
Сол қыздың көз жасындай дара тұнған,
Су бетін аққу, қаздың қанаты ұрған.
Айырылып орамалдан он жасымда,
Қайырылып мен де қалғам қанатымнан.
Сонан соң, шартарапқа - шалғайға өттім,
Жүзіне назарымды салмай көптің.
Сыйлады қаншама ару орамалын,
Асылық болар-ау, деп алмай кеттім.
Шатырша-Жыландыны қарық қылып,
Балқашқа құмға сіңіп барып - құйып -
Бір өзен жер бетінде сайран сап жүр,
Көргенше күнде мені зарықтырып.
Кір жуып, кіндік кескен топырағым,
Суында сайран салған Тоқырауын,
Көзім - төрт, көңілім - алаң күні бойы.
...Кранның суын күтіп отырамын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу