Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
20.08.2022
86
ЗАМАНА ПОЙЫЗЫНДА
Барар жерге құстай боп ұшып бардым,
Ұшып бардым, жеткенше үсіп-талдым.
- «Социализм» дей-тұғын станца бұл -
Түс! - деді Ол.
Секіріп түсіп қалдым.
Қырдағы Алаш баласы ем,
Сырдағы Алаш,
Эпостағы ер едім,
Жырдағы - Алас.
Оны қайтсын, бас салып құл мен құтан -
Тонап алды.
Мен тұрмын - тыр- жалаңаш!!!
«Ешкім тиіскен жоқ…» деген түсінік ап,
- Кет! -деді Ол.
Зілді екен түсі, бірақ:
«Репрессия» дейтұғын станцада,
Күллі бекзат, тектімді түсіріп ап!
- Қайқай! -деді,
Қайтейін, іш ұлып тұр,
Қымтырылып жөнедім, қысылып құр;
«Капитализм» дей-тұғын станциядан,
Енді тағы итеріп түсіріп тұр!
Бір тиын жоқ қалтамда,-
Қайда барам?
Қайда барам!?
Тағы да қайда қалам?!
- Енді тоқтар бекетің «Алаш» деген,
Естіледі бір дауыс айдаладан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter