Өлеңдер ✍️
ӘДЕБИ ОРТА
Әдеби орта -
Әлем бір тосын ісі, -
Совет пенен Сәбеңнің қосындысы.
Маң-маң басып біреу жүр біз ақпыз деп,
Мағжанды ұстатқан - осы кісі!
Мынау әулет - қатыгез, қаралы әулет.
Өз-өзінен өртеніп жанам-ау кеп:
Мұқағали жынды...
Деп жүрген көкем,
Көзін сығып өксіп тұр:
«Данам-ау...» деп.
О, Алматы...
Алматы-ай, гүл-гүл бағың,
Гүл-гүл бағың қылды ғой дүлдүл бәрін.
Алаш Анам осында жинап алды,
Менен басқа сайраған бұлбұлдарын.
Бойың қалай демейтін, ойың қалай,
Осылардың осылмас ойындары-ай:
Алабұртып жүр екі-үш қарындасым,
Фаризаңның өзін де мойындамай!
Зәрем ұшса басымды торып қайғы,
Жұбатар бір мұсылман жолықпайды.
Асып туған осылар адамзаттан,
Именбейді-ау, ешкімнен қорықпайды.
Ал, мен жүрмін ұша алмай аспандап бір,
Көзім алды - қыл-көпір, баспалдақ құр.
Қарсы алдымда Абай тұр қабақ түйіп,
Қасымым тұр қасқайып!
...Пастернак тұр...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter