Өлеңдер ✍️
Шайтан
Сұм Шайтан күллі әлемді күлкі етіп кеп,
Мәз болған...
Қақ айырылып, дүңк етіп көк -
Жұмақтан Алла оны қуып шығып,
Құлапты Шайтанкөлге күмп етіп кеп...
Бұл Шайтан қартаймайды - кіл жас екен,
Осы бір Дүниемен құрдас екен.
Түссе егер ер көзіне есін алған
Жынысы еркек емес,--
Ұрғашы екен.
Ол осы елден бұрын Күнді көрген,
Гүлді де бұрын көрген мұңлық елден.
Ол тіпті хор қызынан сұлу екен,
Ол түскен көл де әдемі күллі көлден.
Арбайтын елді қолаң шашы ма екен,
Анары, әлде Айдай қасы ма екен?
Баһадүр батырға емес,
Ақынға емес -
Туғалы саф Алтынға ғашық екен!
Жердің де бірге жасап нуыменен,
Ағады сақ-сақ күліп суыменен.
Алтынға өзі арбалып,
Өзгені де
Арбайды соның сиқыр буыменен.
Күледі,
Күңіреніп жылайды екен,
Тәнін ол жұпар шөппен сылайды екен.
Періште алтын көрсе - жолдан тайып,
Шайтанның құшағына құлайды екен.
Көзіңе көрінбесін жастай шалып,
Көрінсе көзіңе - құрт, басқа - ой салып;
Бауырына алтын басқан айдаһар да ,
Қашады қазынасын тастай салып!
Тоқтатпас кінә да оны, күнә да оны,
Шайтанның бір-ақ мұрат, бір-ақ ойы:
Алла мен адамға бір күлсе болды,
Малынып саф алтынға тұла бойы!
...Алашым айырылып түр-түсінен,
Айныды адамзат та үрдісінен.
Маза жоқ күндіз,
Түнде - тұрам шошып,
Сол сұмның сылқылдаған күлкісінен...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter