Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  106


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ЕЙ, БАЙБӨРІ, БАЙБӨРІ

«Ей, Байбөрі, Байбөрі!
Иең қайда еді?
Киең қайда еді?
Жүзің неден сынады?
Түкті жүрегіңді түбінен кеп кім іреген?!
Сен де егіздің сыңары,
Мен де екінің бірі емен:
...Екі жарты - бір бүтін - жұптасып,
Қасыңа келдім, міне, мен:
Табаны
Жерді нық басып,
Иығы
Көкті тіреген.
Көк Түркінің тұяғы едік, ырзығын
Көк Тәңірінен тілеген.
Жұлдыз - төбемде тұрған шам,
Түрегелсең - жазылар құрысың.
Мағжандай мағмұрлансаң,
Сен-дағы -
Күннің Ұлысың!
Ат жалымен -
Алтайдан - Альпіні шалып ең.
Һас Сақтан Қазаққа айналғанда ұлысың,
Көк Бөріден - Байбөрі боп қалып ең.
Найзаның ұшына от өріп,
Жауыңды ат тұяғына жаншыдың.
Керей ханның ордасының керегесін көтеріп,
Шаңырағына уық шаншыдың!
Түркінің қаны басыңа шапқан жалғанда,
Өзің де бір дүр едің.
Түркістанды қазаққа қосып алғанда,
Қасқайып Қасым сұлтанның
Қасында сен де жүр едің!
Жаның айналып жасынға,
Көш бастап едің бір демде,
Еңсегей Бойлы Ер Есімнің қасында,
Жүрегі лүпілдеп
Жүгіней-Олжашы жүргенде!
Інжу-маржан едің Алаш дейтұғын алқада,
Зары едің Қорқыт күйінің.
Қазыбекке еріп Сыр бойынан кеп Арқаға,
Айрандай болып ұйыдың.
Мәремік тауына көсіл кеп,
Дегелең «Бұл кім?» демеді.
Сені
Есімханның Ескі жолы есіркеп,
Қасым ханның Қасқа Жолы жебеді!
Көкжиектен Көк Бөрі бір ұлып,
Жау үдере қашқанда,
Қалмақтың құлын,
Шүршіттің сұмын Байбөріге сіңіріп,
Балпаң да балпаң басқанда,
Жерде
Топырақ шымырлап,
Күн күркіреген
Аспанда!
Көк Түркінің Көк туының астында,
Көш керуенді түзеп ең.
Қайда екен сол бір Ат үстіндегі һас Тұлға?
...Сен неге тұрсың тіземен?!!
Есімханның Ескі жолы мен
Қасым ханның Қасқа Жолында,
Һас тұлпар едің сөгілмей өткен қолтығы,
- Хан Кененің қалай қалдың соңында?!
Сені
Албасты басты сол күні!!!
Қарқабат Ана -
Абралы -
Шашын жайып
Аңырады!
Хан -
Тақтан түсті!
Қазақ -
Аттан түсті...
Қаракерей Қабанбайдың Дәуірі -
Өлді!
Қаба сақал кәуірі -
Келді...
Рухсыз Денеде -
Боқ!
Дегелең -
Жоқ!!!
Мәңгүрт -
Мәңгі -
Құрт!
Мәңгі -
Қырт...
Шеріңді өксік қозғап бір,
Бір күніңнен бір күнің өстіп озбақ -
Тұл!
Абралы - Шаңырағы ортаға түскен Байбөрі!..
Әлі боздап тұр...
Кім мені бүйректей бөлген кеп?
Аттың жалында Арқаның желі ұйықтайды.
Абралы -
Хан Кененің Аруағы күңіренген!!!
Күндіз көз алдымда көлеңдеп,
Түнде түсімнен шықпайды...
Абралы - Хан Кененің Аруағы күңіренген...»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу