Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  309


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

М. МАҒАУИННЫҢ 13 ТОМДЫҚ ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚЫҒАНДА

Үйсін мен Арғын,
Керей,
Адай ұлы -
Һас Сақтай Халық болдық қалай ірі:
Көшіртіп Дінді арабқа Көк Тәңірден,
Адами жолға салдық анайыны.
Жүргенде ат үстінде көзге ілмеп ем
Жабысып жерде жүрген жабайыны;
Қазақтан қай жұрт осы аруақты,
Түркіден басқа ел осы қалай ұлы?!
Мағжан-Бекзат жұртым, маңқылдап кеп,
Басыңа қалай шықты малай ұлы?!
Жатырда жанталасып жатыр білем,
Тоныкөк, Тоқтардайын талай ірі;
...Алтыауыз, алтыбақан - ағайыны,
Кеудесін керінеген Абай үні, -
Аузынан Бөкейханов Әлиханның
Бүгін кеп түскендейін бар айыбы, -
Алланың бетін елге бұрамын деп,
Алаштың боздап отыр Мағауині!
- Мен! - дейді - Алаш ұлы!
Адам ұлы!
Мейірім жоқ адамда, Алла, ая мұны:
Бүгіні көзге қораш көрінген соң,
Аңыз ғып айтады ылғи баяғыны.
Осынау алты Алашқа аян үні, -
Өзі - ұлы,
Өзінен де Абайы-ұлы,
Жыр болған жылқышыға, қойшыға сөз,
Қазақтың, қайран, Мұхтар Мағауині!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу