Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  570


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН

І
Тірі жан жоқ мойындайтын күнәні.
Көздерінде күдікті ойлар тұнады...
Сәкен аға! Сардар аға! Қыраным!
Жоқтау болып сені іздейді жыр-әнім...
Сейілте алмай қара түннің тұманын,
Боздап тұрып келеді бір жылағым!
Жоқ қой жерде сенен қалған мола да!
О, сұмдық-ай! Моласыз жан бола ма?!
Егілейін! Еңірейін... ал, одан
Үңірейген сенің орның тола ма?
Бар бауырың көзден моншақ төгеді:
«Бауырым...»-даған жоқтау болып өлеңі.
Көз жасынан жер көгерсе, ендігі
Жерұйықта жүретін кез боп еді...
Жала болып жабысарын Күнәнің
Қайдан білем? Көздің жасын бұладым...
«Халық жауы!» – деген сөзден, тарс бітіп
Әлі, міне, шуылдап тұр құлағым!
Ғазиз жан!
Қабірің қайда қазылған?!
Өз ұлдарын өзі өлтіріп енді кеп –
Өмір бақи жоқтау салу, еңіреу –
Адамзаттың маңдайына жазылған!
Кім біледі, жатырсың ба табытта?
Рухың – ұшып, тәнің ғана қалып па.
Түсінбеймін; халықтың өз баласы
Қалай ғана жау болады халыққа?!
Рухың – тірі! Аспанымда ұшып жүр!
Қас қағымда... көрген дертті түсің бұл.
Түсіңде не сұмдық көрдің? Айтшы, аға?
Түсіндірші! Түсіндірші! Түсіндір!
Асау Рух – арқау асқақ дастанға,
Солқыл болар соңғы толқын – жас жанға.
Айналады адам тәні мәйітке
Рухы ұшып кеткен кезде Аспанға...
Таңсық емес жұлдыздардың сөнуі,
Адамдардың Ажал Сұмға көнуі:
Рухы едің қасиетті халқымның,
Рухтардың мүмкін емес өлуі!
Бесік жыры – ол тәрк ететін моланы.
Халықтардың, алыптардың сол – әні.
«Әруақ» деп айқайласа ел-жұртың
Арқамызға Атой болып қонады!
Пенде құсап... суып бозғылт түс-өңі –
Өлген жоқсың. Затың – Сұңқар құс еді.
Бар болғаны: шаршап – ұйықтап – түс көрдің...
Бірақ неткен қорқынышты түс еді!
Сұңқар-Рухың аспанымда ұшып жүр.
Қас қағымда... көрген дертті түсің бұл.
Түсіңде не сұмдық көрдің? Жориын...
Түсіндірші! Түсіндірші! Түсіндір!
Тіл қатпайсың. Көніп тағдыр тезіне,
Тірі пенде түспеді ме көзіңе;
Мекер елден қайтып әбден меселің
Менің де енді сенбейсің бе сөзіме?
Неге үнсізсің! Тіл қатсаңшы балаңа,
Бауырыңа, Сарыарқаңа, Далаңа!
Тәнің өліп кеткенімен, санада –
Рухың мәңгі тірі еді ғой, Жан-аға?!!
Міне, менің жан сырым – жыр-өлеңім,
Бар болғаны – Көз Жас едім. Көл едім...
Қара Дақ жоқ ойымда һәм сөзімде
Мен жоқ едім ессіздіктің кезінде:
Елуінші жылы туған төл едім.
Серік етіп сенің Муза – құсыңды.
Көзімді ашып, көрдім сұлу мүсінді.
Ошағыма, Отаныма мәңгі ие –
Ұрпақ екем, Ұрпақ деген – Әулие:
Айтайын ба сонда көрген түсіңді?
II
...Тар жол, тайғақ кешулердің ішінде Шаршап ұйықтап кетіп едің қалжыраған пішінде.
1937...
Қорқынышты түс көрдің.
Түсіңде –
Жүр екенсің өршіген өрт–жалында,
Анненковтың азап вагондарында...
Ұйқтап жатып өзіңе-өзің таң қалдың.
Сен шамдандың... неменеге шамдандың?
Соңыңнан сол шырақ ұстап қалмай қойған
Жандардың.
Әбжыланнан аумайтынын аңғардың!
Қайран жаның қашан табар миятты?
Кеудеңнен бір күңіренген күй ақты.
1918-дің қасіреті – түсіңде
Қайталанған сияқты!
Тағы келіп тап болдың ба жасынға?
Неше түрлі күдікті ой бар басыңда.
Көзіңді ашсаң: көкірегі қайғы-шер
Бейімбет пен Ілияс жүр қасыңда...
Көрген сынды адам емес – бүйіні
Олардың да түсіп кеткен иіні.
Аң-таң қалдың: Анненковтың үстінде –
Милиция киімі!
Тұрып қалдың сонда түкті түсінбей,
Жаны кетіп, тәні... қалған мүсіндей.
Түсім дейін десең – өңің сықылды,
Өңім дейін десең тура – түсіңдей!
Сонда Атаман сөйлеп кетті құтырып:
– 18-де... кетіп едің құтылып...
37... ойран болып – сорыңа –
Өзің келіп түстің менің қолыма!
Қазына не – ұры-қары үлескен?
Бүкіл тарих өтті текетіреспен.
Қол-аяқтан шегенделген Иса да
Қарақұрым халық үшін күрескен...
«Бостандық» – деп – түрме болды жеткенің.
Мәңгі бақи тұтқынымсың тек менің!
Адамзатқа азаттықты сағынған,
Сен... немене... Иса болам деп пе едің?!
Ал не шықты пайғамбардың жолынан?
Ол – ессіздік! Ол – шер-азап! Ол – ылаң!
Енді сенің мен жетермін түбіңе!
Иса да өлген Понти Пилат қолынан...
Сүйікті ұлын соққылатқан содырға,
Халық деген кім, ал сонда? Тобыр ма?
– Жап аузыңды! Тіл тигізбе халқыма!
Жете алмайсың сен халқымның парқына!
– Ессіздердің бәрі де осы ел десе...
Түс аспаннан! Сөйлесеңші пендеше!
Надан неме... Сүйесің сол тобырды...
Саған неге жала жапты ендеше?!
Осыны айтып сақ-сақ күлді Атаман,
Түсіңде де ұйқтатпайды жат адам...
Неше түрлі ойлар түйдің ішіңе,
Көз жеткендей зілзаланың күшіне,
Енді, міне... өңіңдегі Әзәзіл
Мазақтайды кіріп алып түсіңе!
ІІІ
Алай-түлей дауыл ойнап көңілде
Неше түрлі сұмдық көрдің өңіңде:
Жата бердің шыдап, мүмкін, содан ба?
Ал мына түс... қорқынышты одан да?
Өңіңде сен сарбаздарға ілестің.
Көрдің талай теперішін тірестің.
Зілзаламен, қайран ақын сол кезде
Түсіңде де келіп кетті күрескің!
Тұла бойың – тұнып тұрған келісім...
Көргің келмей жетесіздің жеңісін –
Түсіңде де Пәктік үшін қан төгіп,
Азап шегу – арман еді Сен үшін!
Қандай ғана кінәң бар еді, жолдас, ә?
Құдайың да құл-құтанды қолдаса –
Ел-жұртың да еңселі боп тұрған соң
Тәкаппарлау жүретінің болмаса?
Пірің еді – Ұлы Ленин, дана Абай.
Дала ұлы едің. Көңілің де даладай.
Тап жауына болғанымен тәкаппар,
Қайран ақын, баладай ең, баладай!
Сәби едің. Көзіңе жас тола ма,
Жатқан жерің Бесік емес... Мола ма?!
Қара нарды... қайда салсаң – сонда сал:
Балаларды... азаптауға бола ма?!
Тұла бойың – саф сұлулық, еркелік.
Зұлымдықтан жүрегіңде дерт еріп...
Сұмды көрсең күкірт тиген ши құсап
Лап ете қап! Кетуші едің өртеніп!
Советстан сыйып кеткен жырыңа,
Қыран едің, қанат қаққан Шыңына.
Сұңқар құсап қарайтының қияға
Қарғалардың тиді ме екен жынына...
Көркіңе егер көзі түссе жан адам –
Иісі еркекті көргендей боп жаңадан –
Адамзаттың сұлуы сен екенсің
Анда-санда туатұғын анадан!
Әйелдерге сендей сері жолықсын,
Жолықсын да рахатқа молықсын:
Әлемдегі еркек біткен – бір төбе,
Сәкен аға, сен – бір төбе болыпсың!
Көкшетаудан бөтен жерді жерсінбей,
Қойғандайсың басқа өлкеге сен сіңбей.
Сені көрсе бұзылыпты бір күнде
Әйелдер де күйеулерін менсінбей!
Ақ патшаны тақытынан ұшырып,
Құлдық күйреп, күңдік күйреп, іші ұлып,
Аң-таң болды босағада қалған Бас
Өз үйінде Төрдің барын түсініп.
Өрге қарай көш түзеді өр елің,
Өңез заттан теріс қарап өренің.
Көрді сонда бас көтерген Төлеңгіт,
Өздеріндей пенде екенін Төренің...
– Алла! Қара: «танисың ба бізді?» – деп,
Сол заманда той-тамаша қызды кеп,
Берді ме екен Бекежандай жау тауып
Қайда барсаң – сонда барған Қыз Жібек?
Тап жауына қабағыңды суытып,
Қағып өттің кісі көрмей мұны түк.
Үлестірдің аққуларға жыр-шашу
Қарқылдаған қарға барын ұмытып!
Күл-көмешке тиіп едің бүліктей,
Өр талғамың өңезбенен кірікпей.
Айнакөлде жатып алды мамырлап,
Сен келгенде... аққулар да үрікпей...
Сен жаһанның жасыны едің жат үшін,
Бір болса да Шығысың мен Батысың.
Ғаламның бар қарғалары жиналып,
Аңдып жүріп тапты ма екен қапысын...
Сауалым бір Сталинге – Атама,
Ел құлағы – елу: өсек жата ма;
Қарға біткен қарқылдады екен деп
Айнакөлдің аққуларын ата ма?
IV
Талақ қылып тарпаң сұмның жыртылын,
Еске алайық сол кезеңнің зіркілін:
Бір жағы – май, бір жағы у ұртының –
Пенделердің біледі әлем құлқынын;
Жылан – олар – адамзатты арбаған,
Түбіне де жеткен солар ұлтының!
Ізгілікті ішіп-жеген көздері,
Абай айтқан: «шошқа туар сөздері».
Нәсіл де жоқ, ұлт, халық та жоқ онда –
Өздері бар...
Тек – өздері!
Өздері!..
Қараң қалсын: қайтеді олар өзгені?
Есіл-дерті – өз қарыны, өз демі.
Құлқыны үшін құлындарын... сойып – жеп,
Өңі кіріп жүре бермек өздері!
Жүргенменен Мәңгүрт құсап мәңгіріп,
Жамандықта... тіріледі жан кіріп.
Құдайға да сенбейді олар ғұмыры,
Маркске де сенбейді олар мәңгілік!
Абайдың да «осалдығын» аңғарып,
Ілиястың шабытына шамданып –
Жаһан жылап жатса дағы – мәз-мейрам,
Жүреді олар тасбақаша жан бағып.
Адамзатқа арандарын тұр ашып
Бәйек болып... жанкүйер боп... жыласып.
30-ыншы жылдардағы Белсенді – ол.
Сол 40-ыншы жылдардағы Власов!
Тарих – Ата ол жайлы
Неше түрлі хикаяны толғайды.
Тоғышардың көзін ашып көргені –
Ошақ қана, Отан деген болмайды!
Бір жағы – май, бір жағы у ұрты, әні,
Тақсыретін тартады оның жұрты әлі.
Кезі келсе Мұхтарды да мұқатып,
«Сәтін» тауып Сәкенді де құртады!..
Мінбелерге шығып алып амалдап,
Сол шешендер қызыл тілі жалаңдап –
Рахатқа бататыны бар тағы
Ілияс пен Бейімбетті жамандап!
Күлкілі ғой, күлкілі ғой, күлкілі!
Күлеміз деп жылаймыз-ау бір түбі!
Кім көріпті мұндай сайқал түлкіні:
Есімдерін өзі құртқан ел жайлы
Естелік те жаза алады бір күні...
Кешір, аға... Кеше гөрші, Ардағым!
Отаны жоқ опасызда бар ма мұң:
Жеңдерімен көзін сүртіп соғып тұр –
«Жеке адамға табынудың зардабын!»
Көрген емес тығырыққа тіреліп,
Іштерінен бір тіріліп, бір өліп.
Қабақтарын түйіп алған қарс жауып
Қасымды да қабылдамай жіберіп...
Қашан, бірақ соған іші налыды?
Жасынға кеп жанын қашан жаныды.
«Маскүнем» ед Мұқағали кеше оған –
Ақын екен...
Енді ғана таныды!
Ізгілікті ішіп-жеген көздері,
Абай айтқан: «Шошқа туар сөздері».
Нәсіл де жоқ, ұлт, халық та жоқ онда –
Өздері бар.
Тек – өздері!
Өздері!..
Жазушылар одағында жүр олар,
Айтматов «Боранында» жүр олар.
Тоқсан жолдың торабында жүр олар!
Өздері – аман. Өзгелер жоқ – куәлар!
Қалада да, далада да жүр олар.
О, сұмдық-ай, қайта құру қақында
Қалай-қалай қақсайды-ей, мыналар?!
Әзәзілдің әлегі енді жетті, Аға!
Кеудем толы кек-нала ғой, кек-нала!
Кеудесінде жүрек те жоқ олардың,
Шырматылған ішек-қарын бар тек қана!
Кел, Музаңа қанат байлап, самғашы!
Көзіңменен көрмей тұрып нанбашы:
Дүниенің бетіндегі Қара Дақ –
Сол сұмдардың салып кеткен Таңбасы!
Жер түкпірін кезіп соның елесі
Төгілетін Қан іздейді келесі...
Боққа толы ішек-қарыннан тұрады –
Ежов пенен Берияның денесі!
Зу-зу етіп төбемізден оқ ұшып,
Қайран жерің қан-майданның қонысы.
Сен жырлаған – Революция, жан аға,
Ішек-қарын мен жүректердің соғысы!
Жылан болып қастық жасар ұяға,
Қыран болып қарамайтын қияға –
Дүниенің күллі күйкі-көмеші
Айналады Анти-Поэзияға!
Өз күнәсін олар қайтып жуады?
Шежіреміз дау мен дамай, шу әлі...
Ауыздарын сүйреңдетіп арам ой
Анти-елден Анти-Сәкен туады!
Адастырып алдайтұғын не бізді?
Аңқау көңіл талай таяқ жегізді.
Абдырап қап ішек-қарынға айттық-ау
Жүрекке арнап айтатұғын лебізді?!
Саған мәңгі рақым нұры жауады,
Рухыңменен тазалатып ауаны.
«Неге ұлына жала жапты?» – деген сол –
Түсіңдегі Анненковтың сауалы –
Ізгілікті ішіп–жеген көздері –
Әзәзілдің шошқа туар сөздері –
Нала жатқан жүрегімді шаншиды.
Жала жапқан – сол сұмдардың өздері!
Сен көнбейсің жазмышына тағдырдың
Ата-жауды ақыры естен тандырдың:
Ішек-қарыннан құлан таза құтылып,
Жер бетіне Рухыңды қалдырдың!
Бірақ... бірақ – ішім дертті, Жан аға,
Қалай сені құрбан қылдық жалаға?
Неткен шерлі қасіретті Отаның!
Орақ – Балға, жүзіменен Соқаның –
Жерге сеуіп ізгіліктің тұқымын
Құртсам дедің Тоғышарлық Топанын!
Одан басқа кінәң бар ма, жазығың?!
Қақсам дедің – Қазақстан қазығын!
Көнді ме оған Наданың мен Пасығың?
Абдырап-ақ кеткенің бе, Асылым?
Ордалы бір Одақ қылғың кеп еді –
Робинзонның Лашығын!
Тірі жан жоқ мойындайтын күнәні,
Көздерінде күмәнді ойлар тұнады...
Өле-өлгенше Ақиқатқа ділгірсің,
Ұстата ма, бірақ бізге білгір Сұм.
Христосты сатып кеткен Иуда
Сені дағы көрсетті ме? Кім білсін...
Сатса сатар! Қайтем қуып елесті?
Ер ісіңді екшей жатар ел есті.
Халық сүйген «Сәкен» дейтін өр тұлғаң
Құдыретті құдайдан кем емес-ті!
Ескі тарих елесі тұр миымда,
Ессіздікті болмай ма еш тыюға?
Оңымыздан, солымыздан бір шығып
Соңымыздан қалмай қойды-ау Иуда?!
Тар жол, тайғақ кешулерді не түрлі,
Бастан кешіп, ұрпақтарың жетілді.
Адамзаттың азасы бір, шаттығы,
Әзәзіл де – біреу ғана секілді!
Асқақ өмір атпай қоймас таңдай-ды,
Ұрпақтарды ұрпақтарға жалғайды.
Қыран даусың қайта көктен естілді,
Біз сен үшін соттамаймыз Ешкімді...
Бірақ... Ешкім ақтала да алмайды.
Иса құсап суып бозғылт түс-өңі
Өлген жоқсың. Затың – Сұңқар құс еді.
Бар болғаны: шаршап... ұйқтап – түс көрдің.
Бірақ неткен қорқынышты түс еді!
Арайланып атты, міне, нұр таңың.
Тұғырыңа қоншы, Қызыл Сұңқарым!
Оян, Аға, оян қане, ұйқыңнан,
Енді мұндай түс көрмесін ұрпағың!
Неге үнсізсің! Тіл қатсаңшы балаңа,
Бауырыңа, Сарыарқаңа, Далаңа!
Тәнің өліп кеткенімен, санада –
Рухың мәңгі тірі еді ғой, Жан аға?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу