Өлеңдер ✍️

ПАРОДИЯ
Айтамыз біздер ақын деп,
Адамды от боп маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған...
Қадыр Мырза-Әлі.
Ақындар асау күйінде
Ұқсайды нағыз тарланға.
Қадекең отыр үйінде,
Қалғаны кетті барларға!
Олжасша шашын өсіріп,
Жанары оттай жарқылдап –
Басына барды көшіріп
Оқиды жырын саңқылдап.
Пушкинше кейде кектеніп,
Болардай қазір қанкешті –
Көшеден... иттей жек көріп
Іздейді жендет – Дантесті!
Кереді кербез қасын да,
Мұңды ойға батып не түрлі –
Сергейше отыз жасында
Опат боп кетер секілді...
Жетісуды да жерсінбей,
Жүреді жанды теңсінбей,
Евтушенконы да – менсінбей,
Есенғалиды да – менсінбей...
Шетінен асқақ, қаһарлы,
Классик деуге хақың бар:
Алматы деген шаһарды
Алды осы асау ақындар!
Рубцов құсап жұқара
Егіліп кетсе – ересен,
Түрлері ұқсас Мұхаңа,
Өлеңі отсыз демесең...
Ақындар асау күйінде
Ұқсайды нағыз тарланға.
Қадекең отыр үйінде,
Қалғаны кетті барларға..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇