Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  110


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ҰЛЫМ РАУАНҒА

Өр, тәкаппар Сталиндей пішіні,
«Басыңды иіп бағын!» десе – шыны.
Мына Ғалам жақтырмайды,
Өзіне
Қарсы қарап отыратын кісіні.
Өртенердей бойымдағы отымнан,
Именбей-ақ небір цензор – сотыңнан, –
Ақ қағазбен қаламымды қолыма ап.
Мен Ғаламға қарсы қарап отырғам.
Сұлулық пен саф тазаға сүйініп,
Басымды игем иіліп.
Алтын киім киген бабам бар еді,
Жүрмесек те өзім алтын киініп.
Алтын қолға ұстатпайды сынаптай,
Ақын – одан мөлдір, аққан бұлақтай.
Міне, мен де кетіп барам дүниеден,
Патша – мені, мен – патшамды ұнатпай.
Керек те емес түк те енді,
Жыр жолына мен басымды тіккем-ді.
Бір маңдайға мал менен бақ біткенде,
Маған қалам біткен-ді.
Ұлым, саған алтын бітсе ат басы,
Қаламымды соған аптап, сақташы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу