Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  103


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Мына жерде ұлы Мұқаң отырған...

Мына жерде ұлы Мұқаң отырған,
Ана жерде ұлы Ғабең отырған...
Мына жерде Олжас отыр қасқайып,
Мен де кірдім айбарынан жасқанып.
Өлген әкем тірілгендей, еміреніп,
Әлжекеңді сүйе бердім бас салып.
Қасымымның келсем қасқа жолымен,
Ғафу ағам бата берді, сонымен, –
Мына жерде Жұбан ағам отырған,
Колбиндерді көзге шұқып қолымен.
Саф алтындай көкірегі сан ағам,
Бізді қойшы, исі қазақ таң оған,
Қадыр ағам отырғанда осында,
Қазақ жыры қайта туған анадан!
Шерхан ағам мәңгүрттікпен белдескен,
Соның бәрі неге бүгін келді еске?
...Атой салған Алашымның рухы,
Ол да, әнекей, кетіп барад келмеске...
Жасыны ойнап кейде Алматы сенделсе –
Шерленгені...
Жөні бар ғой – шерленсе.
Қош болып тұр, Ренессанс заманы,
Қазағыма қайта айналып келгенше!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу