Өлеңдер ✍️
ИМАМ ШӘМІЛ
Имам Шәміл ит пенен құс басқа ұрған,
Именбей бір шынжыр балақ, тақсырдан, –
Алла берген шыбын жанды Алланың
Өз қолына өз қолымен тапсырған...
Табынары жалғыз Алла екенін
Біледі өзі, қайтсе де оған жетеді.
Әруақ пен Алласына сыйынып,
Бетке алып келді сарбаз Мекені.
«Кешір, Алла, у – еді еншім, –
Соны іштім.
Тар жол, тайғақ кешулермен тоғыстым.
Тауым үшін, тасым үшін соғыстым,
Доп болмайтын басым үшін соғыстым.
Сергелдеңде өтіп кетті сайран жас,
Оны маған енді ешкім қайыра алмас.
Өзіңе кеп иіліп тұр көр, міне,
Өзге ешкімге иілмеген қайран бас.
Маңдайыма жазғаны у-ды.
Соны іштім!
Соны іштім де, топан сумен тоғыстым.
Құл болмайтын ұлан үшін соғыстым,
Құдай менен құран үшін соғыстым.
Бұл бір ақтық сөзім, ал,
Өзі – қаһар, өзі – мақал, өзі – зар,
Тірі жанның ұстатпаған қолына,
Өзің берген шыбын жанды –
Өзің ал!»
Алдында оның Алла ғана тұр еді,
Жек көретін ол да құлдық, шідерді,
Алды дағы шыбын жанын,
Кавказға
Рух қылып –
Үрлеп,
Шашып жіберді!
Тар жол, тайғақ кешулермен тоғысып,
Елшісі – Расул,
Еншісі – у,
Соны ішіп;
Имам Шәміл Кавказда жүр!
Өледі ол –
Құдай үшін, Құран үшін соғысып!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter