Өлеңдер ✍️
БАЛҚАНТАУДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ХИКАЯ
Нұрмахан Оразбекке
Төрт еркекпіз бір арудың қасында.
Балқып жүрміз Балқантаудың басында.
Перизаттың көзі нұрға толады,
Он сегізден аспағандай ол әлі.
Ай келбетті әйел жүрсе қасында,
Мынау әлем – әлем-жәлем болады.
Алматыда болып тұрған дегені –
Шәйір ағам бәйгі атындай желеді.
– Махаббаттың құсы! егер бар болсаң,
Келіп менің кеудеме қон!... дегені...
Үндей алмай, кім дей алмай сасқанда,
Көкті көрдік көзімізді ашқанда:
Махаббаттың құсы құсап қалықтап,
Бір жұмбақ құс ұшып жүрді –
Аспанда!
Сол-ақ екен, сұлу әйел салды айтыс:
– Аспаныңа қолыңды жай, ал, байғұс!
Көрінгеннің кеудесіне қонатын,
Ол, соншама, қандай құс?!
Сөйдеп еді әйел әсем реңді,
Бүкіл еркек тығырыққа тірелді:
Шәйір ағам үндей алмай қалды да,
Балқантауым сақ-сақ күліп жіберді!
– Тәркі болып, тартсаң-дағы жастай зар
Жүрсеңдерші арнадан аспай сәл:
Махаббаттың құсы келіп қонбаса
Көкірегіңді көк төбетке тастай сал! –
Деген үнге жалт қарасам –
Нұрағам!
Анау шәйір өртеніп тұр күнәдан.
Маған енді ақын болу шарт емес, –
Бірақ бір сөз айту керек мынаған!
Бірақ бір сөз айту керек!
Айқара –
Аспаныңды! Балқантауды шайқа да!
Мен айтпасам, сен айтпасаң сол сөзді –
Кім айтады?
Мынау шәйір айта ма?!
Содан сөзге берген емен мен есе,
Елемесін, елім мейлі, – елесе.
Бір жырымды ішіп алып жазғам жоқ, –
Сүйіп жаздым!
Күйіп жаздым – немесе!
...Шәйір ағам содан жөнді болмай жүр,
Дәмесі – зор, туар емес сондай жыр.
Меніңше, оның көкірегіне көктен кеп
Махаббаттың сол құсы әлі қонбай жүр...
Қызық болып қырық жастан асқанда,
Көкті көрем көздерімді ашқанда:
Бір сұлу қыз бұл-бұл ұшып көзімнен,
Бір сұлу құс әлі ұшып жүр – Аспанда...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter