Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
20.08.2022
88
Өтті-ау, өмір – қанды уын емізіп....
Өтті-ау, өмір – қанды уын емізіп,
Құл жемейтін қу жемтігін жегізіп;
Тұлпарымды – жабы тұғыр деді де,
Сұңқарымды – қара қарға дегізіп!
Өтті-ау өмір – жон теріңді сыпырып,
Ақжарықтың өзінде Ай, Күн тұтылып;
Ақтайлақтан ала төбет арс етсе,
Ақмешіттің алпыс иті құтырып!
Өтті-ау өмір – бос қиялға беріліп,
Менен қалып ақындық та, серілік,
Қарағайдай қалың елім бар еді.
Көзге содан бірер қара көрініп...
Өтті-ау өмір, жау – күшіктеп, дос – өліп,
Қар жастанып, бауырға мұз төсеніп.
Қызыларайдан қия бетке шыққанда
Батыраш пен Қотырашы қоса еріп...
Өтті-ау өмір, Қасым рухы қамшы боп,
Өзегімнен өз қолымен аршып от,
Арқадағы әруағым – аза жыр,
Қарқаралы – көзімдегі тамшы боп...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter