Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
20.08.2022
177
Телефоннан күнде күтем даусыңды...
Телефоннан күнде күтем даусыңды,
Күнде күтіп өткіздім бұл маусымды;
Телефоннан күнде күтіп даусыңды,
Май шам сынды қысқа ғұмыр таусылды.
Сен бе десем ақыл-естен ауысып,
О, сұмдық-ай, басқа әйелдің дауысы!
Телефоннан күнде күтем үніңді,
Айды күтем, шығарып сап Күнімді.
Телефоннан күнде күтіп үніңді,
Өмір – дауыл соққандай боп бүлінді.
Ғұмыр бойы күнімен де, түнімен,
Жан түршікті жат әйелдің үнінен.
Телефоннан күнде күтем күлкіңді,
Мен күлкісіз өткіздім ғой бұл күнді.
Телефоннан күнде күтіп күлкіңді,
Мұңға батып бара жатам бір түрлі.
Болмысы да бөлек сенен, түр-түсі,
Миды ашытты-ау осы әйелдің күлкісі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter