Өлеңдер ✍️
Жария – бәрі. Не айтсаң да – хақың бар!
Жария – бәрі. Не айтсаң да – хақың бар!
Көптен жатқан көкейде шер лақылдар.
Ленинді мадақтауын кілт қойып,
– Абылай! – деп айғай салды ақындар!
Ресейдің қайыңы мен емені –
Дүниенің діңгегі ғой деп еді...
«Ерім...» – дейді екі көзі бода боп
Кеше ғана шенегендер Кенені...
«Алаш» – дей ме, «Азат» – дей ме, не түрлі,
Атқа мінген бала қаптап кекілді, –
Найзаны ұстап, нар кескінді Наурызбай,
Сары орысқа қайта шабар секілді?!
Болды... деймін, қыздырмашы бекер бой,
Мынау өзі біздің ел ме?!
Шет ел ғой!
Шенеунігім: «Елім» дейді сұңқылдап,
Шенқұмар да – демократ екен ғой!
Құдай көзін жөндеп салып жетімге,
Асқақ-асқақ сөз айтылып не тілде –
Неше түрлі тентек ойлар бұрқ етіп.
Неше түрлі газеттердің бетінде –
Тұр, мінеки, қағаз да қат болғалы.
Ақын түгіл, дәлдүріш те сорлады!
...Бізге қарап, улы ащы мысқылмен
Жымияды ұлы орыс орманы...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter