Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  164


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ОРЫС АРАҒЫ

Рахатқа құнығып ап, не керек,
Ашылды ма адамзаттың араны?
Жер бетінде бар ғой жеті керемет,
«Сегізіншісі» – ұлы орыс арағы...
Езуіңде – күлкі, көзге – жас толып,
Дүрлігеді дүниеміз базардай.
Бүкіл ГУЛАГ естен танып, мас болып,
Құлап жатыр басын әлі жаза алмай!
Мен түгілі, үндіс жүрмес маңынан,
Кәпіріңнің асын осы не ғылам?!
Патша құсап түсіп қалған тағынан,
Қымыз ішкен заманымды сағынам...
Ит күшіктеп, үрген бұл не дүние,
Қайран Алаш көк бөрі боп жорта алмай,
Сары сайтан жететінін түбіме
Біліп кеткен әулие екен Шортанбай!
Қазақ болып, мас боп көрген кісі ме ек,
Махамбеттей мәрт емес пе ек Нарында.
...Жылқыларым ауып кетіп, кісінеп,
Қап қойыппын Ресейдің барында...
«Орыс болсаң – қазақ бол!»-дың кері кеп,
Сорлы басым... сор қайнады – соны ұғам.
Нағыз қазақ Төлеужан ед...
Еңіреп –
О да кетті Есениннің соңынан!
Езуіңде – күлкі, көзге – жас толып,
Дүниеміз дүрлігеді базардай.
Бүкіл ГУЛАГ естен танып, мас болып,
Құлап жатыр басын әлі жаза алмай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу