Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  124


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Сарыарқам – жасыл жайлауым!

Сарыарқам – жасыл жайлауым!
Көрінген белге көшемін:
Жүгімнің шешсем байлауын
Өз үйім – өлең төсегім...
Топырағым – тұмса бұлақ па,
Сайыма гауһар сапырған.
Жарымның даусы құлақта,
Құраулап құлын шақырған.
Көтеріп Күнді шаңырақ
Қаз-қатар ошақ-от – алап.
Қырымда қозым жамырап,
Төбемде – түйем боталап...
Қойын-қонышы мекеннің,
Құмарта елтіп құс-үнге,
Жұмақта жатыр екенмін –
Өңім бе, әлде... Түсім бе?
Елес боп кетті ар жағы,
Отауға зілді жетті леп,
Қатынның айғай салғаны,
– Қайыршы кіріп кетті! – деп.
Пендеге – пенде мазақ па?!
Мал қалып, үй-жай, жан қалып,
Қайыршы көрген қазақ па,
Қарадық оған таңғалып...
Құм кешіп келген, шөл кешіп,
Кім мынау, тектес монахқа?
– Есікте тұрма, төрге шық –
Дедім мен қыдыр – қонаққа.
Айсаға біраз шоқынып,
Сорлы... бір жазып арқаны
Жаутаңдай отырып... отырып,
Асады қазы-қартаны.
Тойынды.
Еркін тыныстап,
Түсінер тәңірі обалын,
...Күн өтті.
Жылдар жылыстап...
Қайтатын емес қонағым!
– Босағада – балам, мүлкім де
Төрімде – сенің төсегің!
...Өзгенің үйі бұл күнде,
Өз үйім – өлең төсегім.
Өзек жалғатып Алаштан,
Ішіме тарттым кемсінбей.
Үй салып алды ағаштан –
Киіз үйімді менсінбей!
... Қайдасың, сала-сайларым,
Қай жаққа енді көшемін?
Қайдасың, жасыл жайлауым,
Өз үйім – өлең төсегім?
Қайдасың, отым-ошағым,
Бұлағым гауһар сапырған.
Қайдасың, кербез қосағым
Құраулап құлын шақырған?
Қайдасың, қайран шаңырақ,
Жасаған атам оқалап,
Біттің бе қозым жамырап,
Болдың ба түйем боталап?!
Қымызыңды құйып селдей ғып,
Арағын ішіп – мазақ бол.
Қонақты күтсең – мендей күт,
Ел болам десең – қазақ бол!
Түсім бе?
Өң бе?
Енді – нем?
Көзіме не зат көрінді?
...Қазақ боп тусам енді мен,
Тексізге бермен төрімді!
Маркстен қайтып – Абайға,
Қан-жоса болып майтабан –
Қайтсем де, қалай-қалай да,
Қазақ боп туам қайтадан.
Сол кезде көңіл күйіме,
Кіршік түспесін деп тілеп,
Айтпасаң болды:
– Үйіңе
Қайыршы кіріп кетті – деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу