Өлеңдер ✍️
Мына бір есер неме – пенде кісі...
Мына бір есер неме – пенде кісі,
Езулеп уағыз айту – елдегі ісі.
Өзінің дімкәстігін өзі сезбей,
Өзгені келеді енді емдегісі.
Кім қазір сұлулыққа сүйінеді?
Жер мен көк өртеніп түр, күйіп өңі.
Мына бір сайқал қатын сақ–сақ күліп,
Арбайды ауру–сайқал дүниені.
Шөл кеулеп суы қайтқан кемерінен,
Ауру жер – мына бір жер, белеңімен.
Жатырда жатқан күллі шаранасын
Бүлдіріп жатыр сасық шеменімен.
Ауру-ау мына ауылдың бәрі, білем,
Түсі де бұлағының сары күрең.
Миы жоқ.
Жүрегі жоқ,
Дүниеге –
Қарайды боқ сасыған қарынымен...
Жаһаным жазыла ма кеселінен?
Сонымен бір қасірет кешемін мен:
– Ақындар өлеңімен емдеп, әуре,
Пенде әуре – өртеп оны өсегімен.
Өмір – от.
Өсек те – өрт.
Көремін мен,
Көруге бола туған төл едім мен.
Осынау болмысыммен,
Өлеңіммен
Екі оттың ортасында өлемін мен...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter