Өлеңдер ✍️

Тәте! Бітті тағатым...
Тәте! Бітті тағатым,
Талды ұшар қанатым...
Көзіңнің ақ-қарасы,
Үмітің ем мен сенің.
Ақсұнқардың баласы
Қыран болар деуші едің.
Босағама қарасам, –
Бала жылан ұмтылып,
Төр жағыма қарасам,
Қара жылан тұр күліп!
Оқша атылып иіріліп,
Оң жағымнан шығады.
Суға түскен үйірі,
Сол жағымнан шығады.
Шығысыма қарасам –
Кәрі жылан өлермен.
Батысыма қарасам –
Сары жылан көрем мен!
Маза жоқ түн, ақ танда,
Шерім – шемен іштегі:
Жылан шағып жатқанда,
Қыран ара түспеді...
Ысылдаған шуынан,
Қайда қашып барайық?
Тәнім – соның уынан,
Бара жатыр қарайып!
Удан әбден уылдым,
Сорды қоймай түгімнен.
У шығады ұлыңның,
Бал шығатын тілінен.
Жүрегі жоқ, буыны
Тілі сұмдық уытты.
Бауырының суығы,
Бауырымды суытты.
Қыран көрем түсімде,
Құзғынға ашқан аранын.
...Жыландардың ішінде
Жылан болып барамын!
Бауыры – мұз, жатыры,
Аяр жаны сол бұзық –
Арбап алды ақыры,
Айыр тілін сорғызып!
Құтқар мына залымнан,
Зәрі бойға тарады:
Удың өзі, балыңнан,
Тәтті болып барады...
Қыран болар деуші едің,
Алла айырып ағынан, –
Тәте, қазір мен сенің
Ақ сүтіңді сағынам!
Көресімді көрсеткен,
Тағдыр болса – көтердім.
Енді білдім, емшектен
Бекер шыққан екенмін...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇