Өлеңдер ✍️

АУДАНДЫҚ ГАЗЕТ
Смағұл Ыбырайға
Ауданда да адам көп дара дара,
Қияли да қиқулар бара-бара.
Ақжарықта жүріп-ақ адамзат деп,
Қақсай берді қайтпас бір қара бала.
Қара бала қай жақтан сыр шертеді?
Тілші екені белгісіз, жыршы екені
– Ақтоғайдың Чилиде несі бар деп
Біреу айтса Сымекең мырс етеді.
Менде де бар бір бастық ақылы қат,
Содан жүрем күн сайын тақырып ап:
– Сен Чилиді қой-дағы айналайын,
Күйекті жаз! – дейді әлгі шақырып ап.
Сымекеңнің онымен болмайды ісі,
Ел оқысын газетті, сол – қайғысы
Есіл-дерті күйек қой дейтін күліп,
Махаббатты қайтеді ондай кісі?!
Тілшілікке мәз болмай мансап қылып,
Музам алып қашады сан саққа ұрып.
Ләйлә аруға ғашық боп жазған жырым,
Бастығымның миына қан шаптырып.
Ашуланды бастығым бара-бара:
– Алды артыңа қарайлап қарама да,
Алматыға кет! – дейді ақын болсаң!
...Абдырайды сол кезде қара бала.
Осы жүріс, құдай-ау, не тірлігім?
Өртеніп-ақ барады бетім бүгін
Алматыға жетпесем
Ақтоғайда
Ақын бола алмайтын секілдімін.
Бастығымнан жүргенде тақырып ап,
Ләйлә алыстан әуре етті шақырып-ақ.
– Сен қой-дағы ботаңды боздай бермей,
Шопанды жаз! – дейді әлгі шақырып ап.
Өзім ақын болғанда, өзім өлең,
Алашымның ағысын сезіне өлем
Адам көрдім осындай адамзатқа
Қарай-тұғын ауданның көзіменен!
Көз алдыма сол газет көлеңдеді,
Қайда оның парағы көнергелі
Бірінші бет – күйектен түскен хабар,
Соңғы беті – махаббат өлеңдері.
Шақырып ап ауданға айдаладан,
Қолға қалам ұстатқан қайран ағам,
Адамзат пен ауданды қосатұғын
Сымекең жоқ, қаңғырып қайда барам?!
Аман ба екен сондағы ел өзіме ерен?
Содан Алаш ағынын сезіне өлем.
...Әлі де онда бір пенде адамзатқа
Қарай ма екен ауданның көзіменен?!
Қайда, шіркін, сондағы жас күніміз,
Миллиардтар ағылған тасқынымыз?
Бастық болып алды ма, құдай қолдап,
Бас мақала жазатын бастығымыз?!
Ойран тау мен Шатырша арасының,
Асуында қаншама аласұрдым.
Ғафу ағам ақын деп айтқанменен
Мен аудандық газеттің баласымын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇