Өлеңдер ✍️

Таста!
Таста!
Кет!
Басқа жігітпен!
Қалайын іштен тынып мен,
Қайтады деген үмітпен,
Үміттен өктем күдікпен...
Сәлем деп ұшқан құстардан,
Күтейін күллі тұстардан.
Көрінбе Қазақстаннан,
Ағылған автобустардан.
Жел өтіп тесік өкпемнен,
Іздейін жерден, көктен мен.
Жолдасам сәлем кептерден,
Өте шық самолеттермен!
Пойыздар заулап от басқан,
Аққанда асып жасыннан,
Қарағандыға соқпастан,
Қалқып өт менің қасымнан!
Іздейін Алатаудан да,
Іздейін Қаратаудан да.
Тұрайын шошып оянып,
Қара түн, ала таңдарда.
Іздейін сені даладан,
Іздейін сені қаладан.
Іздейін сені гаваннан,
Іздейін күннен, заманнан.
Іздейін сені көктемнен,
Іздейін сені кептерден.
Келер күндерден таба алмай,
Іздейін өксіп – өткеннен...
Еркесі болшы ертектің,
Елеспен ғана жан бағып.
Жүрегінен бөтен еркектің,
Іздейін тіпті сандалып!
Онан да іздеп таппайын,
Таппайтыныма сенесің.
Жүрегіме сонсоң сақтайын,
Сандалған күннің елесін...
Тіс жарман біреу айт десе,
Өксікті өткен басымнан,
Тастап кет мені!
Әйтпесе,
Жібермей қоям қасымнан!
Тастап кет мені!
Теңселіп,
Келемін, жан-тән талған ба?
Өлгенде ғана мен сені,
Тастаймын мынау жалғанға..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇