Өлеңдер ✍️
ҚҰРАН ЖЫРЫ
Келетұғын кісінің қарағысы,
Жұмағыңның ғажайып ғалам іші.
Аузында оның абалап тұрады үріп.
Қара ит болып кеткен бір қара кісі...
Бізге ұқсаған бір кезде түр өңі кеп,
Миы да оның – біздікі, жүрегі – жоқ!
Біреу кірсе жұмаққа бұл дүниеден,
Әлгі қара ит арсылдап үреді кеп.
Бақи дүние фәниге – айна, бәрі –
Өлгеннен соң өзіне сай болады.
Мынау пендең – залым қу.
Өлгеннен соң
Бұл, әрине, түлкіге айналады.
Өмір – мұхит.
Бір шығып, бір батамыз.
Орамалмен көз жасын құрғатамыз.
Мынау – ертең қаптайтын құрт-қыбыр да,
Анау – ертең мақтайтын құрбақамыз.
Тәңірі қалай толғайды – толғағанда:
Рух беріп, тірілтер сол – ғаламда.
Өңез ойлы пенде көп,
Өлген кезде,
Не болады жапалақ болмағанда?
Жылжып жатыр, күн, сағат, жайланып жыл,
Басым қандай қатерге байланып жүр?
Мұқағали рухы сұңқар еді.
Алатаудың ақ басын айналып жүр...
Құран жыры естілмей тамам болған,
Қандай ғана осындай заман болған?
...Шошқа көрсем шошимын,
Бір кездері,
О да біздей кәдімгі адам болған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter