Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  82


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ТОҚЫРАУЫН. ТОҚЫРАУ ЗАМАНЫ

Қайда көшіп Ай барады – білмеймін.
Тұман басты айналаны... Білмеймін.
Кіріп барсам аупарткомның үйіне
Басым неге айналады? Білмеймін.
Бері аттадым,
Әрі аттадым...
Кірмеймін!
Алла ма, кім – жаратқаным?!
Білмеймін.
Аупарткомның хатшылары ашулы,
Неге ашпайды қабақтарын – білмеймін.
Хатшы түгіл, нұсқаушы да өр кеуде.
Көзін сала бермейтіндей көр-жерге.
Тілшісі де, тіпті, аудандық газеттің
Тіксінеді өлеңімді көргенде.
Түк шабыт жоқ. Салқын ойлар санамда.
Почтабайдың екі қолы – жағамда.
Аға сұлтан бола алмаған Шоқандай,
Тап болыппын алмағайып заманға.
Ұлысқа ие болсам дейтін баланы
Учасковый иығымен қағады.
Жер түбінде жүгінетін Жезқазған...
Тоқырауын.
Баста – тоқырау заманы.
Лап еттім де көкірегіме түскенде от,
Іштім, сонсоң...
Бостан босқа ішкем жоқ.
Өзі – ақын, өзі – обкомның хатшысы,
Көкеміздің көзіне де түскем жоқ!
Тентегі мен телді салып тезіне,
Құл-құтанды тәнті қылған өзіне, –
Совнаркомның төрағасы, тәкәппар,
Сәкен ағам елестейді көзіме.
Көкіректе күлкімнен көп екен мұң.
Сонда-дағы өзіме-өзім бекеммін,
Бір қауымға әйгілі ақын болғанша,
Бір ауданға әкім болмаған екенмін.
...Осы ойменен шерменде боп кетермін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу