Өлеңдер ✍️
ТӨЛЕУҒАЗЫ ӘБЖАНҒА
Ішіме тартып демімді,
Таңданған тұлғам жетеді.
Сен сүйдің ұлы Гегельді,
Мен сүйдім ұлы Гетені.
Ұлылықты сүйдік қаталап,
Сұлулықты сүйдік қаталап,
Қазақтың аты – Махаббат!
Ғажаптың да аты – Махаббат!
Көз жаспен бетін жуады,
Дүние – ойға түсіп кеп:
Маркстен – Ленин туады,
Ницшеден – Гитлер күшіктеп...
Пендеден бе екен, құдайдан,
Малшынса жасқа жанарым.
Толстой құсап, Ұлы ойдан,
Қорқатын болып барамын.
Ғаламға қарап сүйіне,
Түбімізді көрдік – түркіні.
Қазақша ойланса дүние,
Ғажап болады бір күні.
Түркінің осы қазағы,
Махаббат оның – ғажабы,
Ғажабы әрі азабы.
Алашты көрші – азалы.
Сұлу әйел – жер-көк, жарық күн,
Тәкаппар туған төре еді.
Қазақтай еркек халықтың,
Сүйгенін жақсы көреді.
Қызықпай дүние, бөзіңе,
Мән бермей қаңқу сөзіңе, –
Сүйем мен сол бір аруды,
Шөп салса-дағы көзіме.
Күнсұлу – рухы, Ай өңді,
Тебіреніп, терең толғана,
Әйелге ұқсас Әлемді,
Сүйдім мен.
Кінәм – сол ғана.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter