Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
20.08.2022
172
ДАУЫС
Жәнібек Кәрменге
Жүріп келемін. Дүбірге еніп бұл маң
Ғаламаттармен қауыштым.
Өмір дегенің – күңіреніп тұрған
Даласы дыбыс, дауыстың.
Таң қалып қарап ғаламға таныс
От ойнап жанды көзімде.
Далам да – Дауыс!
Ғалам да – Дауыс!
Дауыспын менің өзім де!
Дауылдарға еріп көшемін демде,
Телегей теңіз – тер деген:
Түс көріп жатсам төсегімде де
Дауыстар маза бермеген...
Жүріп келемін, жанарым – тамшы,
Жүк толы жүрек зырқырап,
Даламның Даусы, Ғаламның Даусы
Заманның Даусы шырқырап!
Таң қалып қарап ғаламға таныс,
От ойнап жанды көзімде:
Далам да – Дауыс!
Ғалам да – Дауыс!
Дауыспын менің өзім де!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter