Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  100


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

КАРДИОГРАММА

Өлең өзін өмірге елші етеді.
Ақ-қараңды қапысыз өлшетеді.
Ақ қағазға түскен жыр, айналайын,
Жүрегімнің жүрісін көрсетеді.
Бара жатып бас лағып, өліп-құрып,
Өзегімнен өмірге өріпті үміт.
Өзіме-өзім кей кезде тәуба қылам
Жүрегімнің жүрісін көріп тұрып.
Қалай-қалай соғады қайран жүрек,
Аман-есен Жер Күнді айналды деп.
Өзегіме өксік шер байланды кеп...
Қалай-қалай соғады қайран жүрек.
Ер салғалы Пегасқа – күреңіме
Пенде емес ем қараған түр-өңіме;
Сөйтсем, жүрек айналып ақ параққа,
Ақ парағың айналған жүрегіме.
Өлеңдерім – өрімім, сабаздарым,
Ар-ожданым!
Өзім кетсем өртеніп...
Жүрегімді
Тастап кетем сендерге, қағаздарым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу