Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  118


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Барады уақыт зыр қағып...

Барады уақыт зыр қағып,
Зырладық бірге өзіміз.
Сонау күндерден ұрланып
Қарайды сіздің көзіңіз.
Сүюдің азап, бейнетін
Көремін деп пе ем ол кезде?
Пәктіктің керім келбеті
Тұратын тұнып сол көзде.
Ұйқтаппыз. Көкте жүзді Күн.
Көңілде – сол бір жыл ояу.
Келіншек бопсыз Сіз бүгін,
Мен де әке боппын, құдай-ау.
Тағдырдың ділі қатал-ақ,
Сол шақтан белгі қалмаған:
Алдаған мені махаббат,
Сізді де оңбай алдаған.
Сізді ертіп, не Сіз мені ертіп
Кетпесек – кінәлі өзіміз.
Өтірік күліп неге тік
Қарайды өткір көзіңіз?
Пәк махаббатсыз не тірлік?
Пенделік ғұмыр – құнарсыз.
Кейде... Сіз мүмкін өтірік
Жылайтын-дағы шығарсыз?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу