Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  91


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

П. НЕРУДА. РЕКВИЕМ.

Чили жатыр қамалып түрмелерге аңырап...
Күл боп жанған гүл-бақтар гүлденер ме тағы да?!
Оянар ма Неруда – Ақын Чили – бағынан?!
Түрмелерге қамалып жатыр Чили тағы да!
Чили жатыр қамалып түрмелерге...
Бөлшек-бөлшек жүрегі ананың да, баланың.
Ызалы жас тұнып жанарында налалы.
Дарынсыз сұм пенденің табанында,
Жаралы –
Соғып жатыр жүрегі Неруданың –
Дананың!
Ақын жатыр мұп-мұздай суық көрде... бұлдырап.
Түк айта алмай сүйікті,
Күйікті елге –
Тұнжырап.
«Рухы оның ұшып жүр биіктерде!» – дейміз біз –
Жылатуға бергісіз,
Жұбату ғой – бұл,
Бірақ!
Өлмейді өлең, өлмейді.
Сөнбейді өлең оттары,
Тірілердің қылмысын тергейді өлең – соттары!
Мен ғана ма пір тұтқан ақындарды, гүлдерді?
Менсіз де оның тарихта аты қалды!
Күн көрді...
Германия Гейнесіз қалған кезде,
О, тоба-ай,
Гитлерлер оп-оңай сатып алды тұл жерді!!!
Пешке өртелді Гейненің асау жаны.
Құс біткен
Ұшып жатты Шығысқа... Көргендері – түс тіптен:
Өшірілді Мрамор – Тарихыңа,
Алыптардың қолымен қашалғаны – штыкпен,
Адамзаттың арымен жасалғаны – штыкпен!
Штык өлім өртіне өріс берді,
Жалаңдап:
Қызыл жалын жалмады егістерді тағы арбап.
Нерудасыз Чилиді көрдің, міне, о, көзім, –
Көрдің тағы Гетесіз немістерді,
Адамзат!
Ақынсыз Чили – Аждаһа бейнесінде –
Күллі адамның осы сөз кеудесінде.
Сырласуға болмайды, сөйлесуге...
Өмір менен өлімтік белдесуде – қан ағып.
Бір сауал тұр әркімнің кеудесінде қамалып:
«Гитлерсің бе?!
Жоқ, әлде...
Гейнесің бе,
Адамым?!!» –
Бір сауал тұр әркімнің кеудесінде қамалып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу