Өлеңдер ✍️
КӨШІ-ҚОН ОПЕРАЦИЯСЫ
Мишаның үйін Мырзан сатып алды,
Өтпеген қанша мүлік, заты қалды.
Қазағым көбейді ғой деп ойлаған,
Ғалия бұл жолы да қапы қалды.
Қаламыз оянғанда Күн қытықтап,
Біз де бір оянамыз суыт ұйықтап.
Қазақша жөн сұрассақ, қиналады
Мырзаның – өз әкесін ұмытып қап...
Коммерсант қаладағы, ноян – әрі,
Мырзанның орысшалау ой алаңы.
Орыстың арағымен ұйықтап бұл үй,
Батыстың әуенімен оянады.
Әнімен Жүсекең мен Кенекемнің,
Мен де енді тереземді тең етермін.
Көршіміз Еуропа елінде жүр,
Феодал боп мұнда қалған мен екенмін.
Қазақ боп кіріп ылғи сәнім, өңім,
Мүйізім шыққан содан, кәне, менің?
Қайратым менімен бір қаһарланып,
Менімен бір боздайды Жәнібегім!
Ал, бозда, боздау әнім, күйіне де,
Оныңа осындағы ел сүйіне ме.
Боздауға келген кезде бұл қазақтың
Алдына кім түсіпті дүниеде.
Тынысым қоңыр күйім есіп-кеңіп,
Баладай жатыр едім бесікте еріп,
Жан-жағым азан-қазан бұл күндері
Қасыма Америка көшіп келіп!
Келер күн бұлаңдатып сағымын-дүр,
Алаулап атар таңы, ағылып жыр.
Қазақша сөйлесетін өзіменен
Ғалия Миша ағасын сағынып жүр.
Өткіздік өстіп биыл зорға күзді,
Құдайы көрші, дәмдес болған, ізгі –
Құлазып Бавария даласында,
Сағынып жүрген шығар ол да бізді,
Көрісуге жазсын де.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter