Өлеңдер ✍️
ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ ПУШКИН ЕСКЕРТКІШІ
Мәрмәр – Пушкин!
Мен саған жат емеспін.
Қаршадайдан өлеңмен қатар өстім.
Қателессем, өмірді сенше сүйіп,
Сенше күйіп жүргенде қателестім.
Мәрмәр – Пушкин!
Мен саған жат емеспін.
Өмір өтті ойлардың орманында.
Өсек-аяң – ақынның соңдарында.
Әлі, әлі Дантес бар тірі жүрген –
Пистолет жоқ тек қана қолдарында!
Мен де оққа нысана болғаным ба?
Бір сыр билеп келеді жүрегімді,
Жалт қаратар естісе гүл-өңірді.
Өмір дейміз бәріміз, ерлер түгіл –
Ездерің де сүйеді бұл өмірді!
Бір сыр билеп келеді жүрегімді!
Жыр жолына жанымды бақшыладым.
Жақсылыққа шырағын жақсын арым.
Болашақ кеп қолымнан алса бүгін
Алтын емес – Ақиқат тапсырарым!
Жыр жолына жанымды бақшыладым.
Өзің көрші!
Көрмесең – сенбес едің:
Күнде күйкі пендемен белдесемін.
Сені таптым, пендесі бар өмірге
Періштесі болмаса – келмес едім!
Өзің көрші!
Көрмесең – сенбес едің.
Артық айтсам кешірші мені, ерім,
Еріп кеттім жез едім, темір едім.
Самолеттен түскенім жаңа ғана,
Мұқағали бейітінен келіп едім...
Еңірегім келеді, еңірегім...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter