Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  104


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Бас ием, менде ерік жоқ сен дегенде.

Бас ием, менде ерік жоқ сен дегенде,
Болса еркім ессіз жандай сенделем бе?
Ханыша болсаң да бас имес едім,
Махаббат жаһангері жеңбегенде!
Бас ием, өлең болып өрім кеуде,
Қайтейін, сөгілгенде... өрілгенде?
Бас ием, армандасым!
Қайран басым
Иіліп көрген емес көрінгенге!
Бас ием. Бағындыра түстің мені.
Бас ием. Табындыра түстің мені.
Жалғанда жүрегіме жақын – Сенсің
Адамнан жұмыр Жердің үстіндегі!
Бас ием махаббаттың мас... құрбаны
Абдырап, ағар көзден жастың бәрі.
Жалғанда жүрегіме жақын – Сенсің
Адамнан аспанымның астындағы!
Бас ием, менде ерік жоқ сен дегенде,
Болса еркім ессіз жандай сенделем бе?
Ханыша болсаң да бас имес едім
Махаббат жаһангері жеңбегенде!
Бас ием. Басымды ием мен саған кеп,
Кешпейтін күнәңді де кеше алам деп.
Өмірде бір әйелге бас имеген
Еркекті мен ойлаймын есалаң деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу