Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  126


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ТЕЛЕФОНДАҒЫ ӘҢГІМЕ

Амансың ба?
Қандайсың бұл күндері?
Танымай да қалуың мүмкін мені?
Жас дәуренім өтіпті тез менің де,
Хабарсызсың...
Мәңгіге безгенің бе?
Сен түсесің есіме жалғызсырап,
Жабыққан кездерімде...
– Гүл ғой – жастық, күзге қап – үсіп кеткен.
Сөйлегендей болдың-ау түсіп көктен?
Мен де жалғыз отыр ем...
Келіншегім
Жолаушылап Ташкенге ұшып кеткен...
– Жалғызсың ба? Адамды, ая, Құдай!
Жаным, міне, жалынды жай оғындай.
Күмілжімей... Жетсеңші!
Аэропорттан
Күтіп алам бас иіп баяғыдай!
– Кездескен жөн... Айтатын сөзіміз көп,
Гүл ғұмырдың күрсінген көзіміз деп.
Мен сені іздеп барған ем талай рет,
Енді бір сәт келсеңші өзің іздеп?!
...Бірге жүре алмадық біз белеңде,
Жүрегім – мұз.
Кетпейтін сыз – денемде.
Нанатұғын бір сылтау неге айтпайсың
Табатұғын едің ғой – іздегенде?!
Ұмытпайды бір әйел мәңгі мені.
Түн ортасы.
Күз...
Басым мәңгіреді
Осы түнде айтты екен қаншама адам
Неше түрлі құпия әңгімені...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу