Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  137


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ӘКЕ МЕН ҰЛ

Бұл – ән еді.
Айтып беремін ғой деп
түсіңде де, өңде де қаларсыз...
Кеткен әке:
«Қайтып келемін ғой...» деп
Қан төгістен оралған жоқ,
Хабарсыз...
Жиырма жылдай бопты-ау...
көп пе, соншама?
Соңында егер ұрпақ қалса, о да – сын:
бала әкесін іздеп кетті Польшаға.
Ең болмаса көрейін деп моласын...
Тапты-ау іздеп сорлы бала-ай... сенделген.
Рухына басын иді, құлыным.
Әкесінен – жат өлкеде жерленген.
Жасы да үлкен болатұғын ұлының...
Сол азалы,
сол азалы молада
гүлдер жатты тебіреніп жетімді.
Сол оқ гүлдер елестеді балаға
госпитальдың ақ дәкесі секілді.
Ауыр тулар түсті сырғып асыға, басталды-ай,
кеп дүлей нөсер базары.
Поляктар да келіп ұлдың қасына
тұрды үнсіз. Барлығы да – азалы.
«Түсінеміз жүрегіңнің бәйітін – деді біреу –
Ерсіз елі – немене?!
Туған елге алып барып мәйітін
туған жерге жерлегіңіз келе ме?..»
Жапырақты жел мұздатып, толы сызға тамшылап
тұр жаңбыр жасқа ұқсап қап.
«Жоқ! – деді Ұлы, – Менің әкем онсыз да жатыр
туған Жер-Анасын құшақтап...»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу